Тайынша қаласында ауданның түкпір-түкпірінен жиналған тұрғындардың басын қосқан мерекелік концерт ұйымдастырылды
Қазақстан халқының бірлігі күні Тайынша ауданында өте жоғары деңгейдк аталып өтті. Тайынша қаласында ауданның түкпір-түкпірінен жиналған тұрғындардың басын қосқан мерекелік концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Алғашқы минуттардан-ақ алаңда ерекше атмосфера сезілді. Сахнадан құттықтаулар мен ізгі тілектер айтылды. Қазақстанның жүзден астам этносқа ортақ үй екені, ал осы әралуандық елдің басты күші екені ерекше атап өтілді. Шараға аудан әкімі Берік Әлжанов қатысты.
Тайынша ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті
«Бүгінде Қазақстан халқының бірлігі жаңа даму деңгейіне көтерілуде. Бұл үдерісте жаңартылған Конституцияның рөлі ерекше. Қабылданған өзгерістер азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын арттыруға, билік институттарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуы аясында жүзеге асып жатқан бұл ауқымды өзгерістердің мәні зор», — деді аудан әкімі.
Ол сондай-ақ тарихи тұрғыдан қазақ жері көптеген халықтарға ортақ Отанға айналғанын атап өтті. Ұлт, дін және дәстүр айырмашылықтарына қарамастан, баршаны біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Олар — өзара құрмет, көмек, төзімділік және жасампаздыққа ұмтылыс.
«Бүгінде бұрынғыдан да маңыздысы — халқымыздың басты жетістігі саналатын бірлікті сақтау. Тек бірге, бейбітшілік пен келісімде ғана біз кез келген қиындықты еңсеріп, жаңа табыстарға жете аламыз», — деп түйіндеді Берік Әлжанов.
Мереке аясында марапаттау рәсімі де өтті. Тайынша ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен «Амина» шаруа қожалығының басшысы Башир Тебоев, Ильичев негізгі мектебінің іс жүргізушісі Татьяна Бадалова марапатталды. Сонымен қатар Макашев негізгі мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эллина Катина және Кирово ауылындағы №433 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы Валентина Солодка да құрметкғ бөленді. Сондай-ақ бірқатар ауыл тұрғындарына алғыс хаттар табысталды.