Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың және Тимирязев аудандарына жаңа прокурорлар тағайындалды. Тиісті бұйрыққа Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қол қойған, деп жазады Qazaqstan Media.
Аққайың ауданының прокуроры қызметіне әділет кеңесшісі Жолдас Жалғасұлы Асқаров тағайындалды. Ол еңбек жолын 2014 жылы Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Кейін Қызылорда облысы прокуратурасында, Астана қаласының Алматы, Байқоңыр және Сарыарқа аудандары прокуратураларында түрлі лауазымдар атқарды.
2023 жылғы желтоқсаннан бері Астана қаласы Алматы ауданы прокурорының орынбасары қызметін атқарған. Құқық қорғау саласындағы еңбек өтілі 16 жыл, оның 11 жылдан астамы прокуратура органдарына тиесілі.
Ал Тимирязев ауданының прокуроры болып әділет кеңесшісі Еркеш Думанұлы Оспанов тағайындалды. Ол прокуратурадағы еңбек жолын 2007 жылы Аққайың ауданы прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы болып бастаған. Кейін осы аудан прокуратурасында, СҚО прокуратурасының қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысындағы заңдылықты қадағалау басқармасында және Айыртау ауданы прокуратурасында қызмет атқарды.
2023 жылғы шілдеден бастап Уәлиханов ауданының прокуроры болды. Прокуратура органдарындағы жалпы еңбек өтілі 19 жыл.
Екі прокурор да қызметтегі еңбегі үшін ведомстволық наградалармен марапатталған.
Тағы оқыңыз: Пестрое көлін тазартуға екі млрд теңге жұмсалмақ

