Петропавлда жүзу жаттықтырушысы күшті әсер ететін заттарды заңсыз сақтаған. Одан 56 таблетка тәркіленді. Бұл Ішкі істер министрлігінің дәрілік заттардың заңсыз айналымына қарсы жүргізген «Дармек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Еліміз бойынша 1500-ден астам медициналық мекеме мен дәріхана, сондай-ақ 142 өнеркәсіптік кәсіпорын тексерілді. Нәтижесінде 249 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Петропавлдағы тексеру кезінде полиция қызметкерлері жүзу жаттықтырушысынан күшті әсер ететін заттардың 56 таблеткасын тапты. Дәрілік препараттарды заңсыз сақтау мен өткізу фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда.
Жалпы операция барысында құрамында есірткі заттары бар 28 мың дәрілік препараттың айналымына шектеу қойылды. Мамандар мұндай дәрілердің тек дәрігердің тағайындауымен берілуі тиіс екенін ескертеді. Оларды бақылаусыз қолдану ауыр зардаптарға, соның ішінде өлімге әкелетін артық дозалануға соқтыруы мүмкін.
Әсіресе күшті әсер ететін препараттардың кәмелетке толмағандарға сатылу фактілері алаңдатады. Осыған байланысты полиция дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің босатылу тәртібін бақылауды күшейтіп отыр.
Сонымен қатар заңды айналымдағы химиялық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымға түсуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылданды. 675 тонна түрлі прекурсордың айналымына шектеу қойылып, 90 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұндай әрекеттер үшін 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тағы оқыңыз: Ұстаздықты ұрпаққа аманат еткен Мұхамеджановтар әулеті

