Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер мектеп оқушылары мен студенттерге банк картасын бөтен адамдарға беріп, «оңай ақша табудың» қауіпті екенін түсіндірді. Жыл басынан бері өңірде дропперлікке байланысты 200-ге жуық қылмыстық іс тіркелген, деп жазады Qazaqstan Media.
Дропперлерді интернет-алаяқтар ұрланған ақшаны банк шоттары арқылы аударып, қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланады. Кейбір қылмыстық схемаларда мұндай тізбекке 15 адамға дейін тартылған.
«Алаяқтар мұндай іске жастар мен кәмелетке толмағандарды да тартуға тырысады. Полицейлер, прокуратура қызметкерлері және Жастар ресурстық орталығының еріктілері мектептер мен колледждерде кездесулер өткізді. Оқушыларға өз атына банк картасын рәсімдеп, оны сыйақы үшін басқа адамға берудің немесе бөтен ақшаны өз шоты арқылы аударудың салдары түсіндірілді. Кейбір жоғары сынып оқушылары мен студенттер мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін алғаш рет білген»,-деп хабарлайды СҚО ПД.
Заң бойынша дропперлік үшін ірі көлемдегі айыппұлдан бастап жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар сот дропперді алаяқтықтан зардап шеккен адамға келтірілген шығынды өтеуге міндеттеуі мүмкін.
СҚО-да әр айдың 15-і бірыңғай профилактика күні болып белгіленген. Осы күні тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша шаралар өткізіледі. Полиция дерегінше, биылғы сегіз айда облыста интернет-алаяқтық санатындағы қылмыстар саны 23 пайыздан астамға азайған.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 25 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда

