Петропавлда жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Астанада Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында өңірлердің алдағы қысқы маусымға дайындығы талқыланды. Облыс әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, Петропавлдағы 2-ЖЭО алдағы маңызды кезеңге дайын. Қазіргі уақытта сегіз қазандық агрегаты жұмысқа әзір. Жөндеу науқаны аясында алты қазандық пен алты турбинада жоспарланған жұмыстар аяқталған.
Петропавлдағы жылу магистральдарын дайындау жұмыстарын 20-қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. Осылайша, шаһарда жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталады. Үкімет отырысының соңында Премьер-министр Олжас Бектенов өңірлердің қысқа дайындығына қатысты жауаптыларға нақты тапсырмалар беріп, жұмысты бақылауда ұстауды тапсырды.
«Қазіргі таңда қысқа дайындалу – ең өзекті мәселе. Бірақ бүгінгі күнге дейін кейбір облыстар маңызды кезеңге дайын емес. Олқылықтардың орны толмаған жағдайда қатаң шара қолданамыз», — деді Үкімет басшысы.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 25 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда

