СҚО-да «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен соңғы төрт жылда жалпы құны 20,7 млрд теңгеден асатын 25 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды және іске асырылып жатыр. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.
Кеше Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйі ашылды. Жаңартылған нысанға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева барды. Қордың қолдауымен Тайынша ауданының Теңдік ауылындағы Мәдениет үйі мен Уәлиханов ауданының Бидайық ауылындағы әмбебап спорт кешені де пайдалануға берілді.
Әлеуметтік нысандар заманауи құрал-жабдықтармен, жиһазбен, техника және қажетті инвентарьмен толық қамтылған. Бұл тұрғындарға мәдени шаралар өткізуге, шығармашылықпен айналысуға және спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді. Қордың өңірге көрсеткен көмегі су тасқыны кезінде де маңызды болды. «Бірлік» шағын ауданында зардап шеккен отбасыларға жаңа үйлер салуға бес миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды.
«Білім беру саласына төрт миллиард теңгеден астам, модульдік спорт залдарына 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал денсаулық сақтау саласын дамыту мен медициналық ұйымдарды жарақтандыруға 7,6 млрд теңгеден астам ақша жұмсалды. Қазір Тайынша ауданының Чкалово ауылындағы оңалту орталығы, Петропавлдағы 280 орындық балабақша және екі модульдік спорт залының құрылысы аяқталуға жақын», — делінген СҚО әкімдігінің телеграм каналында.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/waelihanov-awdanynda-zhanga-sport-kesheni-ashyldy/

