Солтүстік Қазақстан облысында  жануар тістеген немесе тырнаған адамдарға медициналық көмек көрсету көбейген.  Биылғы үш айда облыс бойынша антирабиялық көмекке 385 адам жүгінген. Былтыр осы кезеңде 231 адам болыпты. Яғни көрсеткіш 67 пайызға өскен. Қазіргі кезде Есіл ауданы Амангелді ауылында құтырмаға байланысты карантиндік шектеулер енгізілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Амангелді ауылында құтырма ауруы үй итінен анықталған. Жануар өз иесіне шабуыл жасап, тістемек болған. Осыдан кейін тұрғын ветеринарларға жүгінген. Зертханалық сараптама нәтижесінде иттен құтырма расталды.

Осыған байланысты ауылда ит пен мысық көрмелерін өткізуге, жануарларды сатуға және елді мекеннен шығаруға уақытша тыйым салынды. Мамандар дезинфекция жұмыстарын жүргізіп жатыр. 45 үй жануарына құтырмаға қарсы екпе салынды.

СҚО санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мәліметінше, облыста адамдар арасында құтырма ауруы 1998 жылдан бері тіркелмеген. 2026 жылдың бірінші тоқсанында да тұрғындар арасында ауру жағдайлары анықталған жоқ.

Алайда жануар тістеген немесе тырнаған адамдардың медициналық көмекке жүгінуі көбейген. Биылғы үш айда облыс бойынша антирабиялық көмекке 385 адам жүгінген. Былтыр осы кезеңде 231 адам болған. Яғни көрсеткіш 67 пайызға өскен.

Зардап шеккендердің 214-і иттен, 139-ы мысықтан, тағы 22 адам басқа жануарлардан жарақат алған. Иттен зардап шеккендердің жартысы, яғни 107 адам қаңғыбас иттердің тістеуінен немесе тырнауынан кейін дәрігерге барған.

Барлық 385 адамға құтырмаға қарсы екпе тағайындалып, олар вакцина алған. Оның ішінде 180 адамға антирабиялық вакцина, 205 адамға иммуноглобулин және вакцина салынды.

Мамандар жануар тістеген немесе тырнаған жағдайда жараны кемінде 15-20 минут сабынмен жуып, шетін спиртпен немесе йодпен өңдеп, бірден медициналық мекемеге бару керектігін ескертеді. Құтырманың алдын алудың ең тиімді жолы — уақтылы вакцина алу.

Тағы оқыңыз: «Қызылжар» ФК ел кубогының ширек финалына шықты

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *