Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері мас күйде көлік басқарған 776 жүргізуші анықталды. Бұл күніне орта есеппен үш жүргізушіге шақ келеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Солардың бірі – Петропавл қаласының 53 жастағы тұрғыны. Полиция қызметкерлері оның К. Сүтішев көшесіндегі сауда үйлерінің бірінің автотұрағына «Hyundai Accent» көлігімен сенімсіз кіріп келе жатқанын байқаған. Алғашында жүргізуші кінәсін мойындамаған. Алайда медициналық куәландыру оның мас күйде болғанын көрсетті. Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Жыл басынан бері облыста мас жүргізушілердің қатысуымен 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан бір адам қаза тауып, 25 адам жарақат алған.
«Полиция мәліметінше, сегіз ай ішінде өэ рейдтік және жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында мас күйде көлік басқарған 776 адам анықталған. Тәртіп сақшылары мас күйде рөлге отыру жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/syrymbek-taw-eldi-synaghannan-goeri-damwyna-ueles-qosw-kerek/

