Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау Құрылтайдың тарихи мәніне тоқталып, өткеннен сабақ алудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, Құрылтай – елдің бірлігін нығайтып, маңызды мәселелерді ортақ талқылауға мүмкіндік беретін тарихи дәстүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Партияда боласың ба, болмайсың ба – мәселе онда емес. Қоғамға аз да болса үлесіңді қоссаң, соның өзі – үлкен пайда», – дейді ол. Кәсіпкер осы ойын түсіндіру үшін әлеуметтік желіден көрген бір жағдайды мысалға келтірді. Оның айтуынша, бірнеше жұмысшы түскі үзіліс кезінде ағаштың көлеңкесінде отырып тамақтанған. Мұны көрген адамдар олардың еңбегіне мән берудің орнына видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.
«Соларды сынаған адамнан көшені сыпырып, тазалап жүрген қарапайым еңбек адамының қоғамға пайдасы жүз есе артық. Қолыңнан ештеңе келмей ме – ең болмаса жұмыс істеп жүрген адамға тиіспе. Еңбек етіп жатқан адам бар ғой, соған кедергі жасама. Ал «менен не пайда?» деу – адамның өзін төмендетуі», – деді Сырымбек Тау.
Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау құрылтайдың мәніне тоқталды.
«Құрылтай сөзі өте әдемі, иә? Енді қарасақ, осыдан тура 300 жыл бұрын 1726 жылы Әбілқайыр хан Ордабасы құрылтайын жасаған. Ол биыл, мысалы, тура 300 жыл болды. Енді сол жерде жоңғарлар шапқыншылығына қарсы тұру үшін үш жүздің басын қосқан. Сондықтан біз ешқашан тарихи сәттерді ұмытпауымыз керек. Тарихи сәттерде жіберген қателігімізді, ұтқан жерімізді қарап отыруымыз керек», — деді ол.
Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау елдегі кемшілікті сырттан сынай бергеннен гөрі, әр адам қоғамға қандай пайда келтіре алатынын ойлағаны дұрыс деп есептейді. Оның айтуынша, Қазақстанның жақсы жағын көре білу және елдің дамуына қолдан келгенше үлес қосу маңызды.
«Сыртта жүріп те, елдің ішінде жүріп те өз еліңді жамандау дұрыс емес. Жақсы болса да, жаман болса да, Қазақстан – сенің елің. Сондықтан жамандағанша, өзің сол жерін түзетуге тырыс. Шетелде жүріп елімізді сынайтын өз азаматтарымыз да, басқа елдің азаматтығын алып кеткендер де бар. Елдің ішінде жүріп сынайтындар да кездеседі. Бірақ бұл ел бәрімізге ортақ. Сондықтан оны жақсарту үшін ең алдымен жақсы жағын көре білуіміз керек», – дейді кәсіпкер.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/uezdik-taelimger-sanat-maqanov/

