Еңбек күні қарсаңында түрлі салада маңдай терімен еңбек етіп жүрген мамандардың жұмысына назар аударудың маңызы ерекше. Солардың бірі — Кішкенекөл ауылдық округінің ветеринариялық фельдшері Бақытжан Кегенбаев. Ол 15 жылдан бері жануарлар саулығын сақтап, ауылдағы эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосып келеді, деп жазады Qazaqstan Media.
Бақытжан Кегенбаев ветеринария саласындағы еңбек жолын 2011 жылы бастаған. Оның айтуынша, бұл мамандықты таңдауына жануарларға көмектесуге деген ниеті және ветеринарияның қоғам үшін маңызы әсер еткен.

«Ветеринария тек жануарларды емдеумен шектелмейді. Ол адам денсаулығын қорғауға, азық-түлік қауіпсіздігі мен эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Сондықтан осы мамандықты таңдадым», — дейді Бақытжан Кегенбаев.
Қазір ол Кішкенекөл ауылдық округінде ветеринариялық фельдшер болып еңбек етеді. Оның күнделікті жұмысына малдың денсаулығын бақылау, сібір жарасы, құтыру, бруцеллез, аусыл секілді қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, жоспарлы вакцинация жүргізу кіреді.
Жануарлар туралы мәліметтер, жасалған екпелер мен емдеу шаралары «Жануарларды сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Жаңа туған төлдер сырғаланып немесе таңбаланып, есепке алынады. Маманның айтуынша, ветеринар жұмысындағы ең күрделі міндеттердің бірі — дұрыс диагноз қою.
«Жануар қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды. Сондықтан диагнозды белгілері мен зерттеу нәтижелеріне қарап анықтауға тура келеді. Мұнда жауапкершілік өте жоғары. Ветеринар жануарды емдеумен ғана шектелмейді, оның иесіне жағдайды түсіндіріп, кейде түсінбеушілікпен де жұмыс істеуге тура келеді», — дейді ол.
Бақытжан Кегенбаев еңбек еткен жылдары ветеринария саласы айтарлықтай өзгергенін айтады. Қазір ауруды емдеуден гөрі оның алдын алуға басымдық беріледі. Жаңа вакциналар мен препараттар қолданысқа еніп, жануарларды есепке алу жүйесі цифрландырылған.
«Мен үшін еңбек — жауапкершілік. Ал ветеринар болу — тілсіз жануардың тілін таба білу. Олар қай жері ауырып тұрғанын айтып бере алмайды. Сондықтан біздің жұмысымыз терең білімді, мұқияттылық пен шыдамдылықты талап етеді», — дейді Бақытжан Кегенбаев.
Еңбек күні — күнделікті жұмысы көп жағдайда көпшілік назарынан тыс қалатын осындай мамандардың еңбегін бағалауға мүмкіндік. Ал ауыл ветеринарының жұмысының нәтижесі — малдың амандығы ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен ауылдың эпизоотиялық тұрақтылығы.
Тағы оқыңыз: Үздік тәлімгер – Санат Мақанов

