Полицейлер Петропавлға аса ірі мөлшердегі есірткі партиясын жеткізудің жолын кесті. Өзбекстан Республикасының 25 жастағы азаматы 250 грамм синтетикалық есірткі — α-PvP әкелген. Тәртіп сақшылары оны шетелдік азаматтың сөмкесінен тапты, деп жазады Qazaqstan Media.
Өзбекстан азаматы елімізде заңды негізде жұмыс істеген. Құрылыста еңбек етіп, самса пісірген. Алайда тәртіп сақшыларының мәліметінше, бір апта бұрын ол психотроптық заттар сататын интернет-дүкенге «жұмысқа орналасқан».
Ұсталған азаматтың айтуынша, ол «синтетика» партиясын Астана қаласындағы «жасырын орыннан» алған. Петропавлға оны бөліп орау және «жасырын орындарға» жасыру арқылы тарату үшін жеткізген. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр. Аса ірі мөлшерде есірткі өткізу фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.
Жыл басынан бері полицейлер Солтүстік Қазақстан облысына басқа өңірлерден есірткі жеткізудің 30 арнасының жолын кесті. 225 есірткі құқық бұзушылығы тіркелді, оның 99-ы есірткі өткізудің фактілері.
Тәртіп сақшылары атап өткендей, әдетте есірткіні байланыссыз өткізуге арналған қылмыстық схемаларға қатысушылар интернет-дүкендерде екі айдан артық жұмыс істеп үлгермейді. Одан кейін — ұстау, сот және кемінде 7 жылға бас бостандығынан айыру.
Тағы оқыңыз: Үздік тәлімгер – Санат Мақанов

