Солтүстік Қазақстан облысында балаларды профилактикалық екпемен қамту деңгейі төмендеген. Бұл 2026 жылдың жеті айының қорытындысы. Бұл турады облыс әкімдігінде өткен отырыста СҚО-ның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Әсет Жұматаев айтты, деп жазады Qazaqstan Media.

Ең үлкен төмендеу 18 айлық балаларға салынатын АбКДС+ХИБ+ИПВ екпесі бойынша байқалған — 30,2 пайыз. АДС-М вакцинасы бойынша көрсеткіш 27 пайызға, ОПВ-4 — 21,6 пайызға төмендеген. Сондай-ақ перзентханалардағы В гепатитіне қарсы екпе 18,5 пайызға азайыпты. Пневмококк инфекциясына , БЦЖ  екпелерін салдыру да азайған.

Әсет Жұматаевтың айтуынша, бұл балалардың Ұлттық егу күнтізбесінде белгіленген мерзімдерде вакцинаны уақытылы алмау жағдайлары бар екенін көрсетеді.

«Алдағы уақытта бұл ұжымдық иммундық қорғаныс деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Оған қоса,  эпидемиологиялық жағдайдың күрделену қаупінің артуына әкелуі мүмкін. Сондықтан екпе алмаған балаларды дер кезінде анықтау керек. Вакцинадан бас тарту себептерін талдап, ата-аналармен жұмысты күшейту қажет», — деді Әсет Жұматаев.

Бұдан бөлек, биыл 1 сәуір мен 25 маусым аралығында өңірдегі медициналық ұйымдарда иммунопрофилактика және туберкулез мәселелері бойынша мониторинг жүргізілген. Тексерумен 612 нысан қамтылыпты. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 98 ұйғарым берілген. Оның 33-і орындалған, қалғандарының орындау мерзімі әлі аяқталмаған.

Биылдан бастап вакцинация есебі толық электронды форматқа көшірілген. «Вакцинация» модулі арқылы профилактикалық екпелердің жүргізілу мерзімі, вакцинадан бас тарту себептері, жас топтары мен медициналық ұйымдар бойынша мәліметтер нақты уақыт режимінде бақыланады.

Әсет Жұматаевтың айтуынша, ендігі міндет тек облыстық орташа көрсеткішті ұстап тұру емес, төмен көрсеткіш тіркелген әр медициналық ұйым мен әр учаске бойынша нақты жұмыс жүргізу.

Тағы оқыңыз: Жыл басынан Петропавл саяжайларынла 15 ұрлық тіркелген

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *