СҚО-да полицейлер Тайынша ауданының ауылдары мен аудан орталығында жасалған мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен төрт жас жігітті ұстады. Олар барлығы 23 басты қолды қылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қылмыстық топ сәуір айының басынан бері әрекет еткен. Күдіктілер қоралардан қой ұрлаған. Айта кетерлігі, мал иелері жануарлардың жоғалғанын байқамаған. Қылмыстар полицияның күнделікті жедел-профилактикалық жұмысы барысында анықталды.
Криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктінің жеке басын анықтады. Олар — жасы 20 мен 24 аралығындағы жергілікті тұрғындар. Аудан орталығындағы бейнебақылау камералары күдіктілердің бірінің ұрланған малды «ВАЗ 2112» автокөлігінің жүксалғышы мен салонында тасымалдап, сатып алушыға жеткізгенін тіркеген.
Қазіргі уақытта мал ұрлығының төрт дерегі бойынша тергеу жүргізілуде. Барлығы 23 бас мал ұрланған. Оның 12-сі сатып алушылардан алынып, заңды иелеріне қайтарылды. Қазіргі таңда күдіктілердің өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар екендігі тексерілуде.
«Полицейлер ауыл тұрғындарын қырағы болуға, қора-жайларды көрінетін жерлерге орналастыруын сұрайды. Жыл басынан бері СҚО-да алты мал ұрлығы тіркелді», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Жас сақшы» сыныбының мүшелері Отан қорғаушылар күніне орай концерт қойды

