Қазақстанға келетін шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін электрондық рұқсат енгізу жоспарланып отыр. Ішкі істер министрлігі көші-қон ережелеріне тиісті өзгерістер әзірледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа тәртіп бойынша шетелдіктер Қазақстанға кірер алдында электрондық рұқсат рәсімдеуі қажет болуы мүмкін. Бұл жүйе елге қанша адамның кіргенін, Қазақстанда қанша уақыт болғанын және қашан кеткенін нақты әрі жедел есепке алуға мүмкіндік береді.
Электрондық рұқсат ақылы болады. ІІМ төлем мөлшерін саралап белгілеуді ұсынып отыр. Жиналған қаражат жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, цифрлық инфрақұрылымды жаңартуға және азаматтардың дербес деректерін қорғауға жұмсалмақ.
Жаңа жүйені бірден емес, кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Алдын ала жоспар бойынша бұл жұмыс 2026 жылғы тамыздан желтоқсанға дейін жүргізіледі. Осы уақыт ішінде электрондық рұқсат беру жүйесі әртүрлі шекара өткізу пункттерінің жұмысына бейімделмек.
Әзірге бұл талап түпкілікті қабылданған жоқ. ІІМ әзірлеген құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Ұсыныс пен пікірлер 17 тамызға дейін қабылданады.
Тағы оқыңыз: СҚО соттарында жаңа кадрлық тағайындаулар болды

