Елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік пен жәбірлеу фактілері кезінде бірден әрекет етудің бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілді. Аталған бірлескен бұйрық «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңды іске асыру аясында қабылданды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Құжатта алғаш рет полиция, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының жауапкершілігі нақты бөлінген. Енді жеткіншектер құқығының бұзылуы туралы кез келген ақпарат белгіленген мерзімде өңделеді. Сонымен қатар, жауапты тұлғалар бекітілген міндетті іс-қимылдар тізбегі іске қосады. Жүйенің басты жаңалығы — анықталған әрбір оқиға бойынша арнайы маман бекітіледі. Ол барлық қызметтердің жұмысын үйлестіріп, баланың құқығы толық қалпына келгенше оған қолдау көрсетеді.
Мұндай тәсіл ведомстволар арасында жауапкершіліктің иесіз қалуын болдырмайды. Сонымен қатар, зардап шеккен балаға үздіксіз көмек берілуін қамтамасыз етеді. Қағидада алғаш рет әрекет етудің нақты мерзімдері бекітілді. Мәселен, ақпарат құзырлы органдарға дереу жеткізіледі, бір сағат ішінде мәліметтер бала құқықтарын қорғау органына жіберіледі. Бір жұмыс күні ішінде кейс-менеджер тағайындалып, баланың өмір сүру жағдайы тексеріледі. Ал материалдарды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға тапсыру үшін 3 жұмыс күнінен аспайтын уақыт беріледі.
Енді ресми өтініштермен қатар, балалардың өздерінен түскен белгілер, «111» байланыс орталығының мәліметтері, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен БАҚ-қа жасалған мониторинг нәтижелері де әрекет етуге негіз болады. Оқиғаларды анықтау жұмысына барлық негізгі құрылымдар, соның ішінде мобильді топтар мен психологиялық қолдау орталықтары жұмылдырылды.
«Балаларға көмек бірыңғай стандарт бойынша көрсетіледі. Оған медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық қолдаудың толық пакеті кіреді. Тағы бір маңызды өзгеріс — бұдан былай мемлекеттік қорғау мен міндетті сүйемелдеу тек зорлық-зомбылық көрген балаларға ғана емес, соған куә болған балаларға да беріледі», — деп хабарлады ҚР Оқу ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 56 мектеп, ал Қазақстанда әрбір 15-ші мектеп директорсыз отыр

