158 солтүстікқазақстандық қаңғыбас иттен зардап шекті

Жыл басынан бері 158 солтүстікқазақстандық қаңғыбас иттен зардап шеккен. Ал иесіз жануарларды аулап, атуға немесе басқа да зақым келтіру заңға қайшы әрекет болып саналады. Оларды тек арнайы мекемелерге тапсыру қажет. Бірақ олардың өзі лық толы, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Сәуірдің 27-і кешкі уақытта Любовь Александровна қоқыс тастауға шыққан. Дәл сол кезде әйелге екі қаңғыбас ит шабуылдаған. Оның біреуін зардап шегушінің өзі қуып жіберген. Алайда, екінші төрт аяқты жамбасынан тістеп алған. Болып жатқан оқиғаны жақын жерден өтіп бара жатқан көршісі көріп, әйелге жәрдемдескен.

«Бірден жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырттық. Дәрігерлер келіп алғашқы көмек көрсетті. Жарамды таңып, сіреспе мен құтырмадан екпе салды. Рентген аяғымда екі терең жараның барын көрсетті. Сол себепті, дренаж орнатты», – дейді Любовь Мельник.

Алған жарақат салдарынан әйел енді бір ай бойы күнделікті түрде емханаға барып, жарасын таңып, сіреспе мен құтырмадан екпе алуға мәжбүр. Бұдан бөлек, психологиялық тұрғыда да зардап шектім дейді, Любовь Александровна.

«Шақыртқан полиция қызметкері сізге қалай көмектесе аламын деп өзіме тап берді. Оның айтуынша, заң бойынша иттерді аулап, атуға руқсат етілмеген. Ең сорақысы сол, барлығының айтар жауабы осы. Шынымен де, қаңғыбас иттер мәселесін шешу керек. Ол жерде мен емес, кішкентай бала болса қайтер едік», – дейді зардап шегуші.

2022-ші жылдың наурыз айынан бастап елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң күшіне енді. Құжатқа сәйкес, иесіз қалған жануарларды аулап, атуға немесе басқа да зақым келтіруге рұқсат етілмеген. Ондай жағдай болса тұлғаға қатысты 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бүгіндері қаңғыбас иттен зардап шеккен жанның материалдық шығынын ешкім өтеп бере алмайды. Осы проблеманы шешу мақсатында Любовь Мельник халық қалаулыларына жүгінген. Облыстық мәслихат депутаты Юлия Пронина қаңғыбас иттердің мәселесін реттеу үшін ҚР Парламентіне депутаттық сауал жолдамақ.

158 солтүстікқазақстандық қаңғыбас иттен зардап шекті

Ал өңірде қаңғыбас иттер мәселесі өзекті. Тіпті, оларды орналастыратын арнайы мекемелерде орын жоқ.

«Бүгінгі күні облыс бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстайтын 3 арнайы мекеме бар. Оларда орын жоқ. Бұдан бөлек, биылғы жылға жануарларды аулап, зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге 54 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді», – дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов. 

Ит не мысықты зарарсыздандырғаннан кейін оны 10 күн бойы уақытша ұстау мекемесінде күтіп, баптау керек. Ал бұл дегеніміз бір итке немесе бір мысыққа бюджеттен күнделікті түрде 70-100 мың теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Бұр қаржыға төрт аяқтыларға ем-дом шаралары жүргізіліп, ота жасалынады және қоректендіріледі.

«Сәуірдің 10-нан бастап облыс аумағында иттерді аулау бойынша жұмыстар басталды. 1 ай көлеміде 31 үй жануарына чип орнатылып, зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, өңірімізде жануарларды есепке алу үшін «Таңба» ақпараттық сервисі жұмыс істейді. Бүгінгі күні онда 566 үй жануары есепке қойылды», – дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов. 

Тағы оқыңыз: Серік Малаев: Осылай жалғаса берсе келешекте ауылдарды дамытуға мүмкіндігіміз болмайды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x