Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылға арналған кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру мерзімі аяқталуға жақын. 270.00 нысанын 15 қыркүйектен кешіктірмей ұсыну қажет, деп жазады Qazaqstan Media.
СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жеке тұлғаларды әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Олег Гавриктің айтуынша, декларация тапсыру міндеті бірнеше санаттағы азаматтарға жүктелген.
«Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары, заңды тұлғадағы үлесі 10 пайыздан асатын құрылтайшылар мен басшылар, сондай-ақ олардың жұбайлары бар. Сонымен бірге декларацияны жеке табысын көрсетуге міндетті азаматтар, шетелдік банктердегі шоттарында жиынтық сомасы 1000 АЕК-тен асатын қаражаты бар тұлғалар да тапсырады»,- деді Олег Гаврик.
Шетелде меншігі бар азаматтар, 2025 жылы құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлік сатып алғандар және цифрлық актив иелері де осы тізімге кіреді.
11 қыркүйектегі мәлімет бойынша облыста 6,2 мыңнан астам мемлекеттік қызметші мен олардың жұбайлары декларация тапсырған. Сондай-ақ 7,9 мыңнан астам ЖШС басшысы мен құрылтайшысы және олардың жұбайлары есеп берген. Бұдан бөлек, құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлік сатып алған 23 жеке тұлға декларация ұсынған.
Мемлекеттік кірістер департаменті декларацияны уақытында тапсырмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Қосымша ақпаратты 33-11-05 телефоны немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.
Тағыы оқыңыз: СҚО-да «Startup ORDA 2.0» байқауының жеңімпазы анықталды

