«Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС-де бірнеше өзгеріс болды. Соның бірі онда түнгі рейстерге рұқсат берілуі. Яғни, нысан тәулік бойы ұшақтарды қабылдай алады, деп жазады Qazaqstan Media.
Петропавлдағы әуежайға жуырда жаңа басшы келді. Енді мекемені Октем Мұстафа Йылтан басқаратын болды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС-ның жаңа директорымен кездесу өтікізіп, алдағы жоспармен танысты. Ал, жоспар ауқымды. Мәселен, маңызды жаңалықтардың бірі — әуежай тәулік бойы ұшақ қабылдай алады. Яғни, түнгі рейстерге рұқсат берілді. Сондай-ақ, жаңа жанармай құю станциясы іске қосылды. Бұл логистиканың жақсаруына, үлкен әуе кемелерін қабылдауға жол ашты.
«Сонымен қатар, 2 шілдеден бастап Петропавл — Шарм-эль-Шейх бағыты бойынша жаңа туристік әуе рейсі іске қосылады. Болашақта басқа да халықаралық бағыттарды ашу жоспарда бар. Бұл әуежайдың өткізу қабілетін ұлғайтып, жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға және солтүстікқазақстандықтар үшін туристік мүмкіндіктерді кеңейтуге септігін тигізеді»,- деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желіде.
Қазіргі кезде Петропавлдан Астана, Алматы, Шымкент қалаларына ұшақ рейстері бар.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жыл басынан суға шомылу ережесін бұзған 28 адам айыппұл арқалады