Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері ерекше профилактикалық акция өткізді. Мағжан Жұмабаев көшесі бойындағы «Dostyq Mall» сауда-ойын-сауық орталығы алдында дауыс зорайтқышы бар дрон тұрғындарға үн қатты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Құрылғы адамдарды жолдан өтер алдында қыраға болуға шақырды. Мұндай бастама «Жаяу жүргіншіге назар аударыңыз!» акциясы аясында қолға алынды. Акцияның негізгі мақсаты – жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін арттыру. Дрон барлық жол қозғалысының қатысушыларына үндеу жасады. Жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдерге адамдарға жол беруге шақырды.
Мұндай бастама бекерден-бекер қолға алынған жоқ. Сегіз айда өңірде 342 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 адам қаза тапты және 490 адам жарақат алды. Жекелей тоқталсақ, апаттың 112-сі жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған. Салдарынан төрт кісі өмірмен қоштасты. Жарақаттанғандардың саны 100-ден асады. Яғни, зардап шеккендер бар жайттардың шамамен үштен бірін тұрғындарды қағып кету деректері құрайды.
«Жаяу жүргіншіге назар аударыңыз!» жедел-профилактикалық іс-шарасы үш күнге созылды. Нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 282 дерегі анықталды», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/petropavlda-qyzylzhar-oengirining-tarihy-konferenciyasy-oetti/

