Петропавлда «Қызылжар өңірінің тарихы» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Жиын тарихи жадыны жаңғырту және өңірдегі жер-су атауларын зерттеуге арналды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Конференция Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда ономастика мәселесіне қатысты берген тапсырмалары аясында ұйымдастырылды. Шара Петропавл қаласы әкімдігінің және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өтіп отыр. Мұндай жиын облыста соңғы рет төрт жыл бұрын өткен.
Жиында Қызылжар өңірінің тарихи атауларына қатысты зерттеулер таныстырылып, әлі толық зерделенбеген жер-су атауларын анықтау және оларды зерттеу мәселелері талқыланды. Шараға зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ мектептердің тарих және география пәндерінің мұғалімдері қатысты.
«Тарихты зерделеу – өткенді танып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа тарихи мұраны жеткізудің маңызды жолы. Еліміздің әр өңірінде тарихта із қалдырған тұлғалар мен оқиғалар бар. Алайда олардың есімдерін ұлықтау, еңбегін зерттеу және кейінгі ұрпаққа таныту бағытында әлі де атқарылатын жұмыстар көп», — деді қоғам қайраткері Дос Көшім.
Тағы оқыңыз: https://qaz-media.kz/kk/halyq-kengesining-zhumysyna-zhylyna-17-mlrd-tengge-zhumsalmaq/

