Солтүстік Қазақстан облысында күздің алғашқы айы жылы ауа райымен басталғанымен, кейін күн біртіндеп салқындайды. Синоптиктер қыркүйекте жауын-шашын мөлшері әдеттегіден көп болуы мүмкін екенін болжап отыр. Бұл егін орағы қызатын шақта шаруаларға қосымша қиындық туғызуы ықтимал, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Алдын ала болжам бойынша, қыркүйекте облыстағы орташа ауа температурасы +10…+12°C шамасында болады. Бұл көпжылдық климаттық көрсеткіштерге жақын.

Айдың алғашқы күндері солтүстік өңірде жаздың лебі әлі сезіледі. Күндіз ауа температурасы +20…+25°C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Алайда мұндай жылылық ұзаққа созылмайды. Кейін сынап бағанасы +10…+15°C-қа дейін төмендейді.

Қыркүйектің екінші жартысында күздің мінезі анық байқала бастайды. Түндер салқындап, үшінші онкүндіктің соңына қарай облыстың жекелеген аудандарында ауа температурасы -1…-2°C-қа дейін түсіп, үсік жүруі мүмкін.

«Қыркүйекте тамызбен салыстырғанда облыста ауа температурасы 5–10 градусқа төмендейді. Тәуліктік орташа температураның +10 градустан төмендеуі үшінші онкүндіктің басында күтіледі», — деді «Қазгидромет» филиалының директоры Қымбат Мерғалимова.

Синоптиктердің болжамынша, бір айда 24–44 мм жауын-шашын түсуі ықтимал. Ал климаттық норма 22–34 мм шамасында. Яғни кей жерлерде жаңбыр әдеттегіден мол болуы мүмкін. Циклондар өткен кезде жаңбыр жауып, кей аумақтарда нөсерге ұласуы ықтимал.

Қазақ халқы ертеден ауа райын тек күнтізбеге қарап емес, табиғаттың құбылыстары мен жан-жануарлардың әрекетіне қарап та болжаған. Күздің ерте немесе кеш түсетінін құстардың қайтуынан, таңғы шық пен тұманнан, желдің бағыты мен өсімдіктердің өзгерісінен аңғаруға тырысқан.

Халықтық болжамдарда құстар ерте қайтса, қыс ерте түседі, ал күзде тұман жиі түссе, алдағы күннің жылы әрі жайма-шуақ болуының нышаны деп қабылданған. Сондай-ақ ағаш жапырақтарының ерте сарғайып, тез түсуін де суықтың ерте келуімен байланыстырған.

Тағы оқыңыз: Еуропалық Одақ қолдаған жоба: Петропавлдағы үйдің жеті подъезі жаңарды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *