Қызылжар ауданының Бескөл ауылына кіреберістегі көпшілікке жақсы таныс сағат алаңы адам танымастай өзгерді. Бір ерекшелігі — жобаға бюджеттен қаражат жұмсалмаған. Қоғамдық кеңістікті жаңғыртуды жергілікті кәсіпкер Азат Заляев өз мойнына алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бескөлдің көрнекті орындарының бірін жаңарту туралы бастама биыл көктемде көтерілген. «РМ СТРОЙ» ЖШС-нің бас директоры Азат Заляев серіктесімен бірге ауылға пайдалы әрі өз кәсіпорнының өнімдерін қолдануға болатын жоба жасауды ұйғарған.
Компанияның өндірістік базасы Бескөлде орналасқан. Мұнда өндірістік және құю цехтары жұмыс істейді. Кәсіпорын крандар, сондай-ақ шойыннан жасалған шағын сәулет нысандарын шығарады. Өнімнің едәуір бөлігі Солтүстік Қазақстан облысынан тыс өңірлерге жөнелтіледі. Негізгі тапсырыс берушілер Ақтөбе, Қарағанды, Астана және Алматы қалаларында орналасқан.
«Өндірісіміз Бескөлде орналасқандықтан, ауылдың өзіне де пайдалы бір дүние жасағымыз келді. Әкімдікке барып, идеямды ұсындым. Қызылжар ауданының әкімімен бірге орынды таңдадық. Дизайнерлеріміз жобаны әзірледі, оны келісіп, кейін қажетті дүниелердің барлығын өзіміз дайындадық», — дейді Азат Заляев.
Жаңғырту барысында алаң іс жүзінде қайта жасалды. Жұмысшылар ескі төсемдерді алып, топырақты тазартқаннан кейін аумақты жаңадан абаттандыруға кіріскен. Нәтижесінде тас төселген аумақ шамамен 400 шаршы метрден 1100 шаршы метрге дейін кеңейді. Мұнда жаңа орындықтар мен жарық шамдары орнатылды. Олардың шойыннан жасалған бөлшектері Бескөлдегі кәсіпорында құйылған.

Ауылдың символдарының біріне айналған сағат мұнарасы да жаңарды. Негізгі конструкциясы сақталғанымен, сыртқы келбеті толығымен өзгертілді. Бұл жұмыстарды кәсіпкерлер арнайы мамандандырылған компанияға тапсырған. Мұнараға жарықдиодты экрандар орнатылып, жаңа жарықтандыру жүйесі жүргізілді. Соның арқасында кешкі уақытта алаң түгелдей жарыққа бөленеді. Жоба аяқталғаннан кейін аумақты күтіп ұстау жергілікті әкімдіктің міндетіне өтеді. Азат Заляев үшін мұндай бастамалар — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бір бөлігі.
«Біз жасамасақ, кім жасайды? Өз жеріңнің патриоты болу керек. Бұдан бөлек те бірқатар жобаларға атсалысып жүрміз. Бірақ оның бәрін айтып, жарнамалай бермейміз», — дейді кәсіпкер.
Дәнекерлеушіден зауыт иесіне дейін
Азат Заляевтің өзінің еңбек жолы да қызық. Ол бұл кәсіпорынға бірден басшы болып келген жоқ. 2018 жылы зауыттағы еңбек жолын қарапайым дәнекерлеуші болып бастаған. Бірнеше жылдан кейін өндірісті басқаруға көшіп, ал үш жыл бұрын кәсіпорынды бұрынғы иесінен сатып алған. Қазір зауыт негізінен екі бағытта жұмыс істейді: кран жабдықтарын және шойыннан жасалған шағын сәулет нысандарын өндіреді.
Ал жаңарған алаң қазірдің өзінде Бескөл тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып үлгерген. Әсіресе кешкі уақытта мұнда балалы отбасылар көп жиналады. Кәсіпкердің айтуынша, ауылды абаттандыруға бағытталған жұмыс мұнымен тоқтамайды.
«Бұл жерді тұрғындар келіп, демалсын деп жасадық. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында осындай жобаларды алдағы уақытта да жалғастырғымыз келеді», — деді Азат Заляев.
Бескөл ауылдық округінің әкімі Бауыржан Мусин де жаңартылған аумақ ауылдың жаңа келбетіне айналғанын айтады.
«Әйгілі сағат алаңы бұрыннан жөндеуді қажет ететін. Бұл мәселе талай рет айтылды. Енді ауылымыздың визит карточкасы жаңаша кейіпке енді. Мұнда адамдар жиналады, кешкі уақытта аумақ толық жарықтандырылады. Ең бастысы — тұрғындарға ұнап жатыр», — деді Бауыржан Мусин.
Осылайша, Бескөлге кіреберістегі бұрыннан таныс сағат мұнарасы енді жаңарған үлкен қоғамдық кеңістіктің бір бөлігіне айналды. Ал жергілікті кәсіпкердің туған ауылына пайдасын тигізуден басталған бастама мұнымен аяқталмайды. Азат Заляев келесі жылы да Бескөлді абаттандыруға бағытталған жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: Петропавлық жастар жалғызілікті зейнеткерлерге көмектесті

