Солтүстік Қазақстан облысы темекі шегетін тұрғындардың үлесі ең жоғары өңірлердің қатарында қалып отыр. Ал 1 тамыздан бастап Қазақстанда темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы бірден 90 теңгеге өсті. Енді 20 дана темекі кемінде 1060 теңгеден сатылуы тиіс, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қаржы министрінің бұйрығына сәйкес, 2026 жылдың 1 тамызынан бастап 20 дана темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы 1060 теңге болып белгіленді. Бұған дейін ең төменгі құны 970 теңге болған. Осылайша бір қорап темекі 90 теңгеге немесе шамамен 9,3 пайызға қымбаттады. 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап темекінің бағасы тағы өсіп, 1120 теңгеге жетеді.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бағаны көтеру темекі өнімдеріне қатысты салық және баға саясатын жүргізуге бағытталған. Бұл шара темекі тұтынуды азайтып, бюджет түсімдерін арттыруға және көлеңкелі экономиканың үлесін төмендетуге ықпал етеді деп күтілуде.
Бұл өзгеріс Солтүстік Қазақстан облысы үшін де өзекті. EnergyProm сарапшыларының дерегінше, өңір темекі шегетін тұрғындардың үлесі бойынша республикада алтыншы орында тұр. СҚО-да 15 жастан асқан тұрғындардың 17,2 пайызы темекі тұтынады.
Бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Жалпы Қазақстан бойынша 2026 жылы 15 жастан асқан тұрғындардың 15,1 пайызы темекі шегеді. Бір жыл бұрын олардың үлесі 17,5 пайыз болған.
СҚО-дан жоғары көрсеткіш Ұлытау облысында – 20,2 пайыз, Жетісу облысында – 18,5 пайыз, Қарағанды облысы мен Астанада – 17,6 пайыздан, Ақмола облысында – 17,3 пайыз тіркелген.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар» ФК жарқын жеңіске жетті

