Петропавлда «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» республикалық акциялары аясында жастарға арналған танымдық квест ұйымдастырылды. Ерекше форматтағы шараның мақсаты – жас буынның құқықтық сауаттылығын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Іс-шараға Петропавлдың белсенді жастары қатысты. Қатысушылар үш командаға бөлініп, саябақ аумағында ұйымдастырылған квест барысында арнайы жасырылған тапсырмаларды орындады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай интерактивті формат жастардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың командалық жұмыс істеу қабілетін, азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігін дамытуға ықпал етеді.

Квестке қатысушы Максим Паскевич мұндай шараларға бірнеше жылдан бері тұрақты түрде қатысып жүргенін айтты.
«Мен экологиялық шараларға екі жылдан бері үнемі қатысамын. Мұндай іс-шаралар адамды ең алдымен тазалыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді. Тазалық дегеніміз – тек қоршаған ортаны таза ұстау емес, өзіңнің үйіңді де, өзіңді де ұқыпты ұстау. Солтүстік Қазақстанды аққайыңдар өлкесі деп атайды. Өңіріміздің жасыл желегін сақтап, табиғатты таза ұстау – барлығымыздың ортақ міндетіміз», – дейді Максим Паскевич.
Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім басшысы Денис Денисовтің айтуынша, квест жастарға заң талаптарын сақтаудың, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қараудың және қоршаған ортаны қорғаудың маңызын ойын арқылы түсіндіруге бағытталған.

«Квест форматы арқылы жастарға заңды сақтау мәдениетін, қоғамдық орындарда өзін қауіпсіз ұстауды және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды үйретуді мақсат еттік. Осындай іс-шаралар жас ұрпақты қоғамдық өмірге белсенді араласуға, заңды құрметтеуге және таза, қауіпсіз Қазақстанды бірге қалыптастыруға үндейді», – деді Денис Денисов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» республикалық акциялары аясындағы мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасады. Олар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, экологиялық жауапкершілігін арттыруға және қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымды нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар, жастар саябақ ішін қоқыстан тазалап, сенбілік ұйымдастырды. Ал, тазалық пен заңға арналған квест соңында жастар таза ауада тамақтанды.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтардың қоғамдық кеңестерге жолдаған өтініштерінің 60%-дан астамы оң шешімін тапты

