Петропавлда Татарстан Республикасының өнер шеберлерінің мерекелік концерті өтті. Ол Сабантой Қызылжар мейрамы аясында ұйымдастырылды. Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған кеште танымал әншілер, музыканттар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көрерменге ұлттық өнердің жауһарларын тарту етті, деп жазады Qazaqstan Media.

Концерт барысында Татарстанның Мемлекеттік ән және би ансамбльдері, Татарстанның халық және еңбек сіңірген әртістері өнер көрсетті. Татар халық әндері, би қойылымдары мен классикалық шығармалар орындалды.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – екі ел арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға және ұлтаралық достықты нығайтуға үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі болды. Солардың қатарында Петропавл қаласының тұрғыны, 88 жастағы Гүлжихан Даутоваға «Бүкіләлемдік татар конгресінің» медалі табысталды.

Татарстан өнері Петропавл төрінде
Татарстан өнері Петропавл төрінде

«Мен 88 жасқа келемін. Осы уақытқа дейін қазақтармен етене жақын өмір сүріп келеміз. Ұлтымыз бөлек болса да, арман-тілегіміз бір. Әрқашан достық пен бірлік болсын, екі халықтың арасында татулық орнасын. Мен осы қалада туып-өстім. Туған жерім мен тарихи Отанымның достығын мақтан тұтамын», – деді Гүлжихан Даутова.

Концерт қонақтарына Татарстаннан келген қолөнер шеберлері де өз туындыларын ұсынды. Қазан қаласынан келген шебер Наталья Пилюгина керамикадан жасалған ұлттық нақыштағы бұйымдарын көпшілік назарына шығарды.

Татарстан өнері Петропавл төрінде
Татарстан өнері Петропавл төрінде

«Бұл – біздің отбасылық кәсібіміз. Мен бұйымдардың өрнегін салып, бояуын жасаймын. Жолдасым оларды дайындап, сатумен айналысады. Біз Қазан қаласынан келдік. Петропавл халқы өте қонақжай әрі ақжарқын екен. Өнерді бағалай білетін жандар екеніне көзіміз жетті», – дейді қолөнерші Наталья Пилюгина.

Концертте қазақстандық өнерпаздар да сахнаға шығып, Абай әндерінен попурри орындады. Сонымен қатар Ақан сері атындағы облыстық филармония бишілері қазақтың ұлттық биін ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік кеш соңында қос халықтың өнерпаздары бір сахнада бас қосып, достық пен бірлікті дәріптейтін шығармаларды орындады. Концерт Қазақстан мен Татарстан арасындағы тарихи және мәдени байланыстың сабақтастығын айшықтап, өнердің халықтарды жақындастыратын үлкен күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Татарстан өнері Петропавл төрінде
Татарстан өнері Петропавл төрінде

Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданында жастарға есірткінің зардабы түсіндірілді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *