Қазақстанда еңбек күші тапшы өңірлерге көшетін азаматтарды қолдау күшейтілді. Енді қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар жаңа үй сатып алу үшін 7 млн теңгеге дейін мемлекеттік сертификат ала алады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерікті қоныс аудару бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізді. Ең басты жаңалық – тұрғын үй сатып алуға берілетін экономикалық ұтқырлық сертификатының көлемі ұлғайды. Оның ең жоғары мөлшері енді 7 млн теңгеге дейін жетеді.
Бағдарлама аясында азаматтарға тек баспана алуға ғана емес, көшуге де қолдау көрсетіледі. Мемлекет көшіп-қону шығындарын өтеп, жалдамалы тұрғын үй мен коммуналдық қызмет ақысын субсидиялайды. Сонымен қатар жаңа өңірде жұмыс табуға көмектеседі.
Енді қоныс аударушылар көшпей тұрып-ақ жұмыс берушіні таңдап, бос жұмыс орындарымен таныса алады. Ол үшін қабылдаушы өңірлерде бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, барлық ақпарат migration.enbek.kz порталында қолжетімді.
Бағдарламаға қатысушылардың қатары да кеңейді. Бұрын оған негізінен жұмыссыз азаматтар қатысса, енді еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да мемлекеттік қолдау ала алады.
Бағдарлама толықтай электронды форматқа көшірілген. Өтінім беру, көшетін өңірді таңдау, сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысу және бос жұмыс орындарын қарау онлайн жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 2017 жылдан бері қоныс аудару бағдарламасына 73,9 мың адам қатысқан. Оның ішінде 31 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық ер адам баласына алимент төлемегені үшін сотталды

