Биыл 29 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толды. 1936 жылы құрылған өңір тоғыз онжылдық ішінде еліміздің басты астықты аймағына, машина жасау мен қайта өңдеу өнеркәсібінің маңызды орталығына айналды. Бүгінде СҚО – тарихы мен дәстүрін сақтай отырып, жаңа өндірістерді іске қосып, инфрақұрылымды жаңғыртып, инвестиция тартуға басымдық берген өңір, деп жазады Qazaqstan Media.
1936 жылдың 29 шілдесінде құрылған Солтүстік Қазақстан облысы бүгінде еліміздің солтүстігіндегі стратегиялық маңызы бар өңірлердің бірі саналады. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада орналасқан аймақ ғасырлар бойы сауда мен мәдени байланыстың, ауыл шаруашылығы мен өндірістің маңызды орталығы болып келеді.
Тоқсан жыл ішінде өңірдің экономикалық келбеті айтарлықтай өзгерді. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жетекші орын алады. Миллиондаған гектар егістік алқаптарында бидай, майлы және жемшөп дақылдары өсіріледі. Өңір диқандары жыл сайын жоғары өнім жинап, елдің экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді.
Экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Инвесторларды тарту, өндірістік алаңдарды дамыту, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту – облыс дамуының басым бағыттарының бірі. Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы жүздеген жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп отыр.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер аз емес. Соңғы жылдары жаңа мектептер, денсаулық сақтау нысандары, спорт кешендері пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында заманауи білім беру ұйымдары ашылып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қарқын алған. Автомобиль жолдары жөнделіп, тұрғын үй құрылысы дамып, елді мекендерді ауыз сумен және инженерлік желілермен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Солтүстік Қазақстан облысы тек экономикасымен ғана емес, тарихи және мәдени мұрасымен де ерекшеленеді. Бұл – Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Шоқан Уәлиханов сынды ұлт мақтаныштарының ізі қалған қасиетті өлке. Табиғаты көркем Айыртау өңірі, Имантау мен Шалқар көлдері, Ботай мәдениетінің тарихи мұрасы еліміздің туристік әлеуетін арттырып келеді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 750-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды

