Қазақстанда 7 және 9 мамыр мерекелеріне орай пойыздарда қосымша орындар көбейеді. Бұл өзгеріс Петропавл бағытын да қамтиды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 6-11 мамыр аралығында сұраныс жоғары бағыттар бойынша 175 қосымша тіркемелі вагон қоспақ. Соның есебінен ел бойынша пойыздардағы орын саны 16 мыңнан асады.
Қосымша орындар Астана, Алматы, Павлодар, Түркістан, Атырау, Семей, Петропавл, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш және басқа да бағыттар бойынша ұсынылады.
ҚТЖ бұл шара мереке күндері билет тапшылығын азайту үшін қабылданғанын мәлімдеді. Жолаушыларға билеттерді алдын ала алып, пойыз кестесін ресми сервистер арқылы тексеруге кеңес беріледі.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жол сапасын бақылау мен цифрландыру мәселелері талқыланды

