Мамырдан бастап қазақстандықтарды бірқатар маңызды өзгеріс күтіп тұр. Мобильді аударымдар тексеріліп, Ресей мен Беларусьтен келетін көліктерге утильалым өседі. Концерттерде фонограмма жасырылмайды. Сонымен қатар зейнетақы жүйесін жаңарту, әскери қызмет талаптарын күшейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Қазақстанда мамыр айынан бастап мобильді аударымдарға салықтық бақылау күшейді. Банктер бірінші тоқсан бойынша мәліметтерді 15 сәуірге дейін тапсырдв. Енді салық органдары күмәнді операцияларды саралап жатыр. Егер бір шотқа қатарынан үш ай бойы 100-ден астам адамнан ақша түсіп, жалпы сомасы 1 млн 20 мың теңгеден асса, иесіне хабарлама жолданады. Оны 30 күн ішінде түсіндіру қажет болады. Қаржы министрлігі бұл талап тек жасырын кәсіпкерлік белгілері бар жағдайларға қатысты екенін мәлімдеді. 

Мамырдан бастап Ресей мен Беларусьтен әкелінетін автокөліктер мен арнайы техникаларға утильалымды есептеу тәртібі өзгереді. Соның салдарынан бұл елдерден кіретін көліктер үшін төлем бірнеше есе артуы мүмкін. Ал басқа мемлекеттерден импортталатын және Қазақстанда шығарылатын көліктер үшін бұрынғы шарттар сақталады.

2 мамырдан бастап концерт ұйымдастырушылары көрерменге фонограмма қолданылатынын алдын ала ашық ескертуге міндетті. Бұл ақпарат енді афишада, билет сату орындарында және теле-радио жарнамада көрсетілуі тиіс.

Мамыр айының соңына дейін зейнетақы жүйесін жаңартудың жаңа моделін таңдауы мүмкін. Қарастырылып жатқан нұсқалардың қатарында жұмыс беруші жарнасының бір бөлігін қызметкердің жеке шотына аудару бар.  Сонымен қатар, еңбек өтіліне негізделген зейнетке шығу және сақтандыру төлемдері тәрізді жүйелер бар. Айта кетейік, биылдан бастап БЖЗҚ-дан төленетін қаражатқа салынатын 10 пайыздық салық та алынып тасталған. 

4 мамырдан бастап келісімшартпен әскери қызметке кіретін азаматтарға қойылатын талап күшейеді. Егер олардың табыс әкелетін бизнесі немесе үлесі болса, оны сенімгерлік басқаруға өткізуі тиіс.

Білім саласында да өзгеріс бар. Биыл соңғы қоңырау 23-24 мамыр күндері өтеді. Ал бірінші сыныпқа құжат қабылдау 27 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін өтеді.

Қысқасы, мамыр қазақстандықтар үшін тек мерекелер айы емес, жаңа талаптар мен қатаң бақылаулар кезеңі болғалы тұр.

Тағы оқыңыз: Ән мен би, салт пен дәстүр: СҚО Мамлют ауданында мектеп оқушылары Бірлік күнін ерекше атап өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *