23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы – елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Осыған орай Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығының облыстық филиалының төрағасы Владимир Витченко алдағы саяси науқанға бейжай қарамай, әрбір азаматты өз таңдауын жасауға шақырды, деп жазады Qazaqstan Media.
Оның айтуынша, бұл сайлау Құрылтайдың алғашқы құрамын қалыптастыратын тарихи кезең саналады. Сондықтан әрбір сайлаушы дауыс беру құқығын пайдаланып, елдің болашағына жауапкершілікпен қарауы қажет.
“Алдағы Құрылтай депутаттарын сайлау – мемлекетіміздің дамуы үшін маңызды қадам. Біз алғаш рет Құрылтайдың құрамын қалыптастырамыз. Сондықтан әрбір азамат өз таңдауын саналы түрде жасап, сайлау учаскесіне келіп дауыс беруі керек. Бұл – әрқайсымыздың азаматтық жауапкершілігіміздің көрінісі”, – деді Владимир Витченко.
Сондай-ақ ол сайлаушыларды саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен мұқият танысуға шақырды. Оның пікірінше, Құрылтай құрамына кәсіби біліктілігі жоғары, ел мүддесін қорғай алатын және халық алдында берген уәделерін адал орындайтын азаматтар сайлануы тиіс.
”Әрбір сайлаушы партиялардың бағдарламасын зерделеп, өз таңдауын саналы түрде жасағаны маңызды. Болашақ депутаттар жоғары құзыретке ие болып, халықтың сенімін ақтайтын, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын тұлғалар болуы керек. Қоғамның дамуы мен еліміздің болашағы әрқайсымыздың белсенділігімізге байланысты”, – деп атап өтті қауымдастық төрағасы.
Владимир Витченко азаматтарды 23 тамыз күні сайлау учаскелеріне келіп, ел болашағына әсер ететін маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды. Оның сөзінше, әрбір берілген дауыс Құрылтайдың тиімді жұмыс істеуіне және мемлекет дамуына үлес қосады.
Тағы оқыңыз: Тайынша ауданында Келлеровка мен Красная Поляна ауылдарында абаттандыру жұмыстары тексерілді

