Уәлиханов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Уәлиханов ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Бейсембин халық алдында есеп берді. Жиында ауданның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, 2024 жылға арналған жоспарлары айтылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

«Құрметті жерлестер! 2023 жыл – барша еліміз үшін аса маңызды саяси және экономикалық оқиғалармен, процесстермен есте қалды. Атап айтқанда, саяси жүйе толығымен жаңарды, жаңа заңдар қабылданып, зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі өсті. Өткен жыл ауданымыз үшін де берекелі жылдардың бірі болды. Тиісті қаржылай қолдаудың арқасында бірнеше әлеуметтік-экономикалық, инвестициялық жобаларымыз іске асырыла бастады. Бұл өз кезегінде, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасына оң әсер етті. 2023 жылы маңызды оқиға – қасиетті Туған жеріміздің құрылғанына 95 жыл толды. Өткенімізді саралап, алдымызға жаңа мақсаттар мен міндеттер қойдық. Осы ретте, біздің басты міндетіміз – аудан экономикасын дамыту арқылы тұрғындардың жағдайларын жақсарту болып қала беретінін ерекше атап өткім келеді. Ол үшін ауданымызда қажетті әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктердің барлығы бар», – деді Дархан Бейсембин.

Былтыр барлық салаларда өсім байқалады. Бұл барлық уәлихановтықтардың нәтижелі еңбегінің, туған елге деген жанашырлығының арқасында мүмкін болды деген Дархан Бейсембин осы қарқынды жоғалтып алмай, әрі қарай алға жылжу қажеттігін айтты.

Өткен жылы барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулерінде уәлихановтықтардан келіп түскен 77 сұрақ бақылауға алынған. Оларлдың 52-сі орындалды, 25 сауалдың іске асырылуы 2024  жылға ауыстырылыпты.

«Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыру, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау сияқты бірінші кезектегі міндеттерді орындау аудан бюджетінің тұрақты өсіміне тікелей байланысты. Өткен жылы ауданымыздың бюджеті жеті млрд 225 млн теңгені құрады, оның ішінде облыстық бюджеттен алты млрд 53 млн теңге сомасында трансферттер түсті. Аудан бюджетіне бөлінген қаражат соңғы үш жылдағы жалпы сомадан едәуір асып түскенін атап өткен жөн. Ортақ еңбектің арқасында аудан бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі – үш есеге артты немесе 5,2 млрд теңге болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 13,8% немесе 9,4 млрд теңге, өнеркәсіптік өнімдер өндірісінің көлемі 1,4%-ға артты немесе 1,7 млрд теңгені құрады», – дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы.

Аудан экономикасының маңызды саласы – ол ауыл шаруашылығы. Мұнда да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер көп.

Сапалы өнім жинау және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы техникасының маңызы өте зор. Мұны жақсы білетін уәлихановтық диқандар соңғы үш жыл ішінде 7,3 млрд теңгеге 368 жаңа ауылшаруашылығы техникасын сатып алған. Сөйтіп, ауданның техника паркі 18%-ке жаңартылды.

Биыл ауданымыздың, жалпы ел шаруалары үшін ауа райы қолайсыз болды. Әсіресе, егін жинау науқаны қиын жағдайда өтті. Бұл астықтың сапасы мен көлеміне әсер етті. Нәтижесінде, аудандық фермерлер 84,6 мың тонна астық бастырды. Астық өнімділігі гектарынан 5,1 центнерді құрады.

«Мал шаруашылығына келетін болсақ, есептік кезеңде аталған шаруашылық өнімдерінің барлық түрлерінің өсуіне қол жеткіздік. 2023 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында ауданда мал мен құс еті тірідей салмақта союға өткізілгені 5872,2 тоннаны құрады немесе 99,9%; сауылған сиыр сүті – 48622,7 тонна болды немесе 100,2%; 6039,4 мың дана жұмыртқа алынды немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңіне – 100,5%  құрады. Сиыр саны 0,6% – ға артып 17,5 мың бас болды, қой мен ешкі саны – 17,4% немесе 48,5 мың  бас,  жылқы саны – 8,7 немесе 21,5 мың бас,  құс саны – 45%-ға артып 89,7 мың бас болды», – дейді Дархан Бейсембин.

Ауданда үш бірдей тауарлы сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Оған 11 млрд теңге қаржы бағытталған.

«Шетелден 3824 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу жоспарлануда. 78 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Олар: Кішкенекөл ауылындағы «Жолдасбай-Агро» фермерлік қожалығының, Ақбұлақ ауылындағы «JALAYR agrofoods» және «ОлжаАтамекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің тауарлы сүт фермалары. Сонымен қатар қой шаруашылығы бойынша 1 жоба жүзеге асырылды. «Туған жер» ФҚ-ғымен Павлодар облысынан 1000 бас қой сатып алынды. Жобаның құны – 100 млн теңге. Өз қаражаты есебінен қой ұстауға арналған мал шаруашылығының үй-жайы салынды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 8,6 млн теңгеге қой сатып алуға қаражат бөлінді», – деді спикер.

Әрине, ауданда мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін барлық жағдайлар жасалған. Мемлекеттің қолдауымен саланы дамыту бойынша қажетті жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады.

Кәсіпкерлік

2023 жылы Уәлиханов ауданының аумағында жалпы сомасы 51 млн теңгеге жеке кәсіпкерліктің бес нысаны ашылды. Нәтижесінде бес уәлихановтық екі қолға бір күрекпен қамтылды.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру бойынша үш өтінім берілді («Васильев» ЖК – ғимараттарға қызмет көрсету және аумақтарды абаттандыру, «Айторе» ЖК – сүт өңдеу жолымен құрт, ірімшік өнімдерін өндіру, «Ұлжан» ЖК – жемшөпті қайта өңдеу). Алайда, өңірлік комиссияның шешімі бойынша өтінімдер мақұлданбады. «Ауыл Аманаты» ауыл халқының табысын арттыру пилоттық жобасын аясында 28 өтінім берілді, бұл жоспардың 117% құрайды, жалпы сомасы 172,5 млн теңге болды.  Өтінімдердің 26-ы мақұлданған, оның 19-ы 138,2 млн теңгеге қаржыландырылды», – деп хабарлады аудан әкімінің міндетін атқарушы.

Жалпы, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 846 бірлікті құрады. Оның 393-і жеке кәсіпкерлер, 363-і шаруа немесе фермерлік қожалықтар, ал қалғаны заңды тұлғалар.

Бүгінгі күні аудандық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 73,6% құрайды. Өткен жылы ауданда 93 шақырым жол жөнделген.

«Былтыр Ақбұлақ-Кішкенекөл» бағытындағы облыстық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Оған 680 млн теңге бағытталған болатын. Қулыкөл, Телжан, Кішкенекөл, Бидайық ауылдарындағы кентішілік жолдарға жалпы сомасы 919 млн теңгеге орташа жөндеу жүргізілді. Ұзындығы 35 км болатын «Көктерек-Тоспа-Жасқайрат – Қайрат», ұзындығы 48 км «Өндіріс – Жұмысшы – Мырзағұл» жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жобаларды іске асыру үшін 730 млн теңге бөлінді, жобалар екі жылға шақталған. Талшық ауылынан Кішкенекөл ауылына дейінгі республикалық жолды жөндеу шеңберінде айналма жолдарды төсеу жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстарының негізгі түрлері осы жылдан басталады. Жоба үш жылға жалғасады. Оған 19,9 млрд теңге бөлінген», – деді Дархан Бейсембин.

2024 жылы Кішкенекөл, Бидайық, Телжан ауылдарының кентішілік жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасады. 3 ауылдың жолын қалыпқа келтіруге 566 млн теңге қарастырылып отыр.

«Қайрат-Қулыкөл» (30 км) орташа жөндеуге, Жас Ұлан, Көбенсай және Мортық ауылдарының кентішілік жолдарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленетін болады. «Чехов-Жас Ұлан» (26 км) және Кондыбай ауылына кіреберіс жол (2 км), Ақбұлақ пен Ақтүйесай кентішілік жолдарды орташа жөндеуге техникалық құжаттама бар. Осы жобалардың арқасында біз аудандық жолдардың жағдайын едәуір жақсарта аламыз», – деп толықтырды спикер.

Аудан халқы таза ауыз сумен қамту

Бүгіндері уәлихановтықтардың 99,9% таза ауыз сумен қамтылған. Өткен жылы ауданның бес ауылында таратушы желілері бар су мұнараларын салуға екі млрд теңге бөлінді. Олар: Ақбұлақ, Бидайық, Ақтүйесай, Көбенсай және Жас Ұлан ауылдары. Аталған жобалардың жүзеге асырылуының арқасында суға қосылған абоненттер саны 78 процентті құрайтын болады немесе 2937 аула. 

«2024 жылы Телжан ауылындағы сумен қамту жүйесі құрылысын жүзеге асыру үшін 378 млн теңге бөлінді.  Сондай-ақ биылғы жылы Жамбыл, Қондыбай, Мортық, Ақбұлақ, Аққұдық, Қарашілік ауылдарына су таратушы желілері мен резервуар салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу жоспарланған», – дейді Дархан Бейсембин.

Ауданның 27 елді мекенінің 19-ында мобильді ұялы байланыс пен интернет бар. Соңғы жылдары 13 ауылда 3G-ден 4G-ге дейін мобильді интернеттің сапасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілді. 2023 жылы Тілеусай мен Жасқайрат ауылдарында антенна-діңгек құрылымы орнатылып, ұялы байланыс пен интернет қосылды.

2021 жылы жарықтандыру жұмыстарына 51 млн теңге бөлінсе, 2023 жылы осы мақсатқа 154 млн теңге жұмсалды. Яғни, 3 есе артық қаражат бағытталып отыр. Осының арқасында Кішкенекөл ауылының орталық көшесінде жарықтандыру жүйесі қайта құрылып, оған 58 млн теңге бөлініп, игерілді. 84 млн теңгеге Вокзальный мен Амангелді көшелерінің электр беру желісінің құрылысы жүргізілді. Сондай-ақ аудан орталығының жеті учаскесіне 26,6 млн теңгеге бағдаршамдар орнатылды. Жалпы, бүгінгі күні аудан көшелерінің жарықтандырылуы 90% құрайды. Қалған 10 процентті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасатын болады. 2024 жылы Тілеусай, Мортық ауылдарының көшелерін жарықтандыруға 10,4 млн теңге бөлінді.

«Халыққа әлеуметтік көмек көрсету және жұмыссыздықты азайту ауданның әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі болып қала береді. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге 2023 жылы жергілікті бюджеттен 39 млн 647 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларға 21,1 млн  теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Өткен жылы 1188 жұмыссыз және өзін – өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетілді, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 996  адам орналастырылды,  жаңадан құрылған жұмыс орындарына – 476 адам, уақытша жұмыс орындарына- 192 адам орналастырылды», – деп мәлімдеді спикер.

11 әлеуметтік жұмыс орны құрылды. 33 адам жастар тәжірибесіне қатысты, 21 адам «Күміс жас», 10 адам «Бірінші жұмыс орны», бір адам «Ұрпақ келісімшарты» жобасына қатысты.

2023 жылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 50 адам оқытуға жіберілді, олардың барлығы тиісті сертификаттарын алды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 18 млн теңге сомасында мемлекеттік грант берілді. Оған 14 уәлихановтық қол жеткізді.

Өткен жылы ауданға 41 отбасы немесе 147 адам көшіп келген. 50 адам жұмысқа орналастырылды, бір отбасы грант алды және жеке бизнесін ашты. Жылпы, үш жыл ішінде 134 отбасы немесе 665 адам көшіп келді.

Денсаулық сақтау саласы

Кішкенекөл ауылында бір ауысымда 250 адамды қабылдай алатын емхана салынып жатыр. Жоба құны – 3,3 млрд теңге. Бүгінгі таңда нысанның дайындығы 30% құрайды. Жұмыстар 2024 жылдың шілдесінде аяқталады деп жоспарланып отыр.

Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 17 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Үш санитарлық автокөлік сатып алынды.  

2023 жылы барлығы алты дәрігер мен 10 орта медициналық маман келді. Ауданға медициналық кадрларды тарту үшін Кішкенекөл ауылында «Дәрігерлер үйі» қайта қалыпқа келтірілуде. 16 пәтерлі тұрғын үйді жөндеуге 132 млн теңге қаржы бағытталған.

Ал 2024 жылы Кішкенекөл ауылында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленетін болады. Осының арқасында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар баспанаға қол жеткізбек.

Уәлиханов ауданының түлектері бірніше жыл қатарынан Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Өткен оқу жылында да  сынақ нәтижесімен ауданымыз облыс бойыша бірінші орынға ие болды. Орташа балл алдыңғы оқу жылмен салыстырғанда 5%-ке жоғарылап, 83,7-ні құрады. Тестілеуге ауданның 124 түлегі қатысып, оның 80 проценті (немесе 100 оқушы) оқу гранттарын жеңіп алды.  

«Ауданымызда 24 жалпы білім беретін мектеп болса, мемлекеттің қолдауымен олардың 62%-не жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үлкен жұмыстар мектеп қазандықтарын ауыстыру бойынша жасалынды. Жаңа 25 қазандық сатып алынып, 100% жаңартылды. Өткен жылы 100 млн теңгеге Қайрат орта мектебінің шатыры күрделі жөндеуден өтті. 2024 жылы үш мектептің жөндеу жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады. Ол – Кішкенекөл №2 ОМ, Көбенсай және Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептер», – деп хабарлады Дархан Бейсембин.

Мәдениет саласы

Уәлиханов ауданында соңғы үш жылда бес бірдей ауылдық клуб жөндеуден өтті. Оған 15 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. 12 клубқа 9,6 млн теңгеге музыкалық аппаратуралар сатып алынды.

«2023 жылы жалпы құны тоғыз млн теңгеге Жамбыл демалыс орталығы мен Аққұдық ауылдық клубына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 212 млн теңгеге Кішкенекөл ауылының орталық алаңын қайта құру жұмыстары жасалынды. 2024 жылы аудандық кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жасалынады, ол үшін 150 млн теңге бөлінді. Мәдениет мекемелері жоқ Көктерек, Тілеусай, Жас Ұлан ауылдарына мәдениет ошақтарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленетін болады. Сондай-ақ 569 млн теңгеге Кішкенекөл ауылының Мәдениет үйіне іргелес саябақ аумағын абаттандыру үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттама бар», – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы.

Спорт саласы

Ауданның спорт саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер көп болды. Бір ғана Ризабек Айтмұқанның жеңісі осы сөздің айқын дәлелі. Жерлесіміз еркін күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған жас балуан ауданның атын асқақтатып, мерейін көтерді.

«Екі палуанымыз Уәлишан Айша мен Айтмұқан Ризабек халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері атанып отыр. Оған дейін мұндай атаққа тек танымал жерлесіміз Ахметжан Қазымбетов қана ие болған еді. Тағы бір палуанымыз Аусағитов Алтынбек – қазақ  күресінен Азия Кубогының чемпионы атанды. Осылайша, ауданымыздың күрес мектебі  – облысымыздағы ең мықты мектептерінің біріне айналды. Әрине, мұндай жетістіктерге жетуде Хасенов Бектай, Құсайынов Сәкен, Шаткенов Асқар, Сарыбасов Сейілбек, Жолдасбаев Қанат және өзге де  жаттықтырушылардың еңбектері өте зор. Жеңістің туын желбіреткен гір көтеруден Азия чемпиондары мен жүлдерегерлері – ауданның спорт тарихында өздерінің есімдерін мәңгіге қалдырды. Біз саланы одан әрі дамытуды жалғастырып, жастардың бойындағы дарынын ашып, оларға тиісті жағдайды жасауды жалғастыруымыз қажет», – дейді спикер.

Бүгінде ауданда спортпен алты мыңнан астам адам шұғылданады. Спортпен жүйелі түрде айналысушылар саны 47 процентті құрайды. 2022 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыстың аясында «Artsport» қоғамдық бірлестігі жұмысын бастады. Мұнда спорттың төрт түрімен 540 бала қамтылып отыр.

Жеті ауылда 50 млн теңгеден астам қаражатқа спорттық-ойын алаңдарының құрылысы жүргізілді. Жеті ауылдың футбол алаңдарына газон төселмек.

Уәлиханов ауданында спорттық залы бар жабық жүзу бассейінің құрылысы жүргізілуде. Нысан 2024 жылдың сәуір айында қолданысқа беріледі.

Сондай-ақ биыл жабық мұз айдынының құрылысы жобасы қайта әзірленетін болады. 62,8 млн теңгеге Кішкенекөл ауылындағы үш учаскеде шағын футбол алаңы салынады. Ал Бидайық, Телжан, Кішкенекөл ауылдарындағы балалар-ойын алаңдарын абаттандыруға 48,5 млн теңге бөлінеді.     

«Ауданымызда 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны – 3150 адамды құрайды. Оның ішінде 14-18 жас аралығындағы оқушылар саны – 828, әскер қатарында – 21, студенттер – 532, кәсіпкерлер – 57, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 59, жұмыс істейтіндер – 1475, жұмыссыздар саны – 31. Ауданда жастар саясатын жүргізетін жастар ресурстық орталығының штаты 15 адамды құрайды. Мемлекеттік мекеме қызмет бағыттары бойынша мансап орталығымен бірлесіп үш бос орын жәрмеңкесін өткізді. 27-30 маусым, 6-7 желтоқсан аралығында Ақтүйесай, Тельжан, Бидайық, Кішкенекөл ауылдық округтерінде жылжымалы жәрмеңкесін ұйымдастырды. Онда мансап орталығының, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің, кәсіпкерлік палатасы өкілдерімен бірлесіп «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Бірінші жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламалары және «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ақпараттар берілді» – деп мәлімдеді спикер.

2023 жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы аясында 17 жас сарбаздар маусымдық жұмысқа қабылданды.

Жастар арасында еріктілер қызметін қолдау және дамыту мақсатында «Мирас», «Парызым», «Аялы алақан», «Қолқанат» еріктілер тобы жұмыс істеуде. Еріктілердің қолдауымен зейнет жасындағы қарт кісілерге, жалғызбасты жандарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беріледі. Жыл басынан бастап осы бағытта 38 іс-шара өткізілді.

«Құрметті жерлестер! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ортақ еңбек пен бірліктің нәтижесі қашан да берекелі болады. Жоғары аталған барлық жобаларды біз бірлесіп, еңбек ету арқылы ойдағыдай атқардық. Тұрғындарымызды алаңдатқан мәселелерді шешу үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеп, облыстық деңгейде қолдау табуы үшін барлық күш-жігерімізді жұмсадық.  Әрине, кемшіліксіз болмады, кейбір мәселелер әлі де байыпты көзқарасты, нақты іс-әрекеттерді талап етеді. Сол кемшіліктерді ескеріп, біз әрі қарай да ауданымыздың одан әрі нығаюы үшін еңбек ететін боламыз», – деп түйіндеді кездесуді аудан әкімінің міндетін атқарушы Дархан Бейсембин.

Тағы оқыңыз: СҚО-да жедел жәрдем мамандары анафилактикалық шок алған 2 тұрғынды құтқарып қалды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x