Солтүстік Қазақстан облысында 13 мыңнан астам педагог жасанды интеллект құралдарын пайдалануды меңгерген. Дәрігерлер кардиограмманы 30 секундта талдай алса, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 87 пайызы цифрлық технологияларды қолданады. Өңірде цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында қаралды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысындағы 590 ауылдың 548-і интернетке қосылған. Жыл соңына дейін 1 255 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жоспарланып отыр. Ал 2027 жылы тағы 1 889 шақырым желі салынады.

Өңірдегі барлық мектеп цифрлық білім беру платформаларын пайдаланады. 13 мыңнан астам педагог жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуді үйренген. Келесі жылы облыстағы 46 мектеп Ұлттық білім беру AI-платформасына қосылады.

Медицина саласында да заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Телемедицина дамып келеді. Жаңа технологиялардың көмегімен электрокардиограмманы талдау уақыты үш минуттан 30 секундқа дейін қысқарған.

Цифрландыру ауыл шаруашылығында да кеңінен қолданылады. Соның бір мысалы – «Ақселеу» шаруашылығы. Мұнда жаңа технологиялар техниканы тиімді пайдалануға, жанармай мен еңбек шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Жуырда аталған кәсіпорынның жұмысына мемлекет басшысы оң баға берген болатын.

Digital Aimaq жобасы аясында облыс ауылдарында 16 IT-орталық ашылды. Петропавлда жасанды интеллект кеңсесі жұмысын бастады. Ғабит Мүсірепов атындағы және Тимирязев аудандарында өңірдегі алғашқы цифрлық музейлер ашылды. Жоба аясында 500-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған жеті мыңнан астам адам қатысқан. Жыл соңына дейін тағы төрт IT-орталық ашу жоспарланған.

Тұрғындарға қызмет көрсету саласы да цифрландырылып жатыр. Облыста «SQO qyzmet» порталы, коммуналдық желілерді бақылауға арналған «Scada» жүйесі және 109 қызметі жұмыс істейді. Алдағы уақытта 109 қызметін аудан орталықтарына дейін кеңейту көзделген. Бұл тұрғындардың өтініштерін жедел қабылдап, мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысында Ғауез Нұрмұхамбетов 2026–2030 жылдарға арналған Цифрлық даму стратегиясын жаңартуды тапсырды. Сондай-ақ кәсіпорындарда жасанды интеллектіні, роботтандыру мен автоматтандыруды енгізу жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.

СҚО-да жасанды интеллект мектептерде, медицинада және ауыл шаруашылығында қолданылып жатыр
СҚО-да жасанды интеллект мектептерде, медицинада және ауыл шаруашылығында қолданылып жатыр

«Цифрландырудың басты мақсаты – жаңа технологияларды енгізу ғана емес, сол арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту»,-деді облыс әкімі. 

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 23 мың жаңа iPhone бұғатталуы мүмкін

 

Поделиться:

Shares