Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Қоршаған ортаның жай-күйіне әсер ететін ірі кәсіпорындардың қызметі» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.
СҚО бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Асхат Мапеновтің айтуынша, кәсіпорынның қоршаған ортаға әсері автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады.
«ЖЭО-да №1 және №3 түтін мұржаларына, сондай-ақ Есіл өзеніне сарқынды су ағызылатын орынға эмиссиялардың автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылған. Ластаушы заттардың нақты концентрациясы туралы деректер ұлттық деректер банкіне нақты уақыт режимінде беріліп отырады», – деді Асхат Мапенов.
Кәсіпорындағы ауаны ластайтын негізгі көздер – қазандықтарда көмір мен мазут жағу кезінде пайда болатын түтін газдары. Станцияға жылына 37,7 мың тонна ластаушы зат шығаруға рұқсат берілген.
«Биылғы жылдың он айында ластаушы заттардың шығарындылары 21,6 мың тоннаны құрады. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 27 мың тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Бұл белгіленген нормативтен 10,7 мың тоннаға немесе 28,3 пайызға төмен», – деді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Николай Максимов.
Сонымен қатар кәсіпорынның биылғы көмірқышқыл газы шығарындыларының көлемі 3,6 млн тоннаға жетеді деп болжанып отыр. Жыл басынан бері он ай ішінде 3 972 зертханалық зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде белгіленген нормативтерден асып кету деректері анықталмаған.
Кәсіпорында 2026–2038 жылдарға арналған жол картасы әзірленген. Жол картасы аясында 2038 жылға дейін 4 250 түп ағаш отырғызылып, Белое көліне 100 мың шабақ жіберілмек. Ал келесі жылы кәсіпорын мен қала аумағына 250 түп ағаш отырғызу, көлге 20 мың шабақ жіберу және су айдынын биологиялық тазарту жоспарланған.
Тағы оқыңыз: «Қызылжар» ФК балалар футболын дамытуды қолға алған

