Жыл басынан бері облыс орталығында 1595 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 133-інде жүргізушілер оқиға орнынан бой тасалаған. Петропавл қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында жол апаттарына шығатын төрт кезекші инспектор бар. Олар күннің ыстығына да, қыстың аязына да қарамастан тәулік бойы қызмет атқарады.
Полиция аға лейтенанты Саят Уланов Солтүстік Қазақстан облысының Аралағаш ауылында дүниеге келген. Бала күнінен тәртіп сақшысы болуды армандаған ол 2019 жылы ішкі істер органдарына қызметке қабылданған.

Жол апаты туралы хабарлама түскен бойда инспектор оқиға орнына аттанады. Оның міндеті тек зақымданған көліктерді суретке түсіріп, құжат толтырумен шектелмейді. Соқтығысу іздерін тіркеу, қажетті мәліметтерді жинау, апаттың мән-жайын анықтау, өзге қызметтермен бірлесіп жұмыс істеу де асқан жауапкершілікті талап етеді. Ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен жағдайда оны іздестіру қажет.
Қызмет барысында Саят түрлі оқиғаның куәсі болған. Алайда кейбір апаттар оның есінде ерекше сақталып қалған. Соның бірі 2025 жылдың жазында айналма жолда болған қайғылы оқиға. «Газель» мен Mercedes автокөліктері соқтығысып, бес адам көз жұмған.
Мұндай жағдайлар инспекторға жол үстіндегі бір қателіктің қаншалықты ауыр зардапқа әкелетінін тағы бір мәрте ұғындырады.
«Қарбалас қызметтен қол босағанда жүзумен және үстел теннисімен айналысамын. Спорт ауыр жұмыс ауысымдарынан кейін күш жинауға көмектеседі. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Өйткені әрбір жол апатының артында адам тағдыры тұр. Ал оқиғаның мән-жайын нақты анықтап, әділ шешім қабылдануына ықпал ету инспектордың басты міндеттерінің бірі,»- дейді тәртіп сақшысы.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жасанды интеллект мектептерде, медицинада және ауыл шаруашылығында қолданылып жатыр

