Теріскейліктер Абай Құнанбайұлының рухына тағзым етті
Бүгін қазақтың біртуар азаматы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының дүние есігін ашқанына — 181 жыл. Айтулы датаға орай теріскейліктер ақынның Петропавлдағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Ұлтымыздың басты ақынын еске алу, құрметтеу — басты міндет. Жерлестеріміз композитордың шығармашылығы мен өмір жолын ешқашан ұмытпайды. Солтүстікқазақстандықтар дәстүрге сай ұлы ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты.
Дәстүрлі шараға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келіп, Абайдың рухына тағзым етті. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікованың сөзінше, былтыр алтын қорға ақын жайлы құнды құжат тапсырылыпты.
«Былтыр Уәлиханов ауданының тұрғыны үйінде жатқан өлеңдер жинағын архивке тапсырды. Ондағы туындылар арабша жазылған. Бірден аудардық. Сөйтсек бұл Абай атамыздың көзі тірісінде жарық көрмеген өлеңдер жинағын екен», — деді спикер.
Ұлы ойшылдың мұрасы тәлім-тәрбиеге толы. Әр өлеңінде бойға сіңірерліктей өнеге жатыр. Бұл сөзімізбен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Кемел Оспанов толықтай келіседі.
Теріскейліктер Абай Құнанбайұлының рухына тағзым етті
«Абайдың философиялық пайымдары жанға тыныштық сыйлайды. Оның әр өлеңі маған шабыт береді. Ұлы ақынның мұрасын бойына сіңіріп өскен жас жаман болмайды», — деді Кемел Оспанов.
Айта кету керек, бұл күні Петропавлда Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына арналып флешмоб ұйымдастырылды. Шарада ондаған жас Абай шығармаларын оқыды, бай мұрасымен танысты