Солтүстік Қазақстан облысында жаңа эпидемиялық маусым басталғалы 3356 адам жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2 пайызға көп. Санитариялық дәрігерлер мектептердегі жағдайды бақылауға алып, оқушылардың 30 пайызы ауырған сыныптарды қашықтан оқытуға көшіру тәртібін белгіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай әзірге тұрақты. 1 қазанда басталған жаңа маусымда ЖРВИ-дің 3356 жағдайы тіркелсе, былтыр осы уақытта 3043 адам ауырған. Ал тұмау жұқтыру деректері әзірге анықталған жоқ.
Дегенмен мектептер мен балабақшаларда сақтық шаралары күшейтілді. Балалар мен қызметкерлер күн сайын таңертең тексеріліп, ауру белгілері барлар сабаққа жіберілмейді. Егер оқушының дене қызуы көтеріліп немесе басқа белгілер сабақ кезінде байқалса, ол ата-анасы келгенге дейін оқшауланады.
«ЖРВИ және тұмау аурушаңдығының өсу кезеңінде:бір инкубациялық кезең ішінде бір сыныпта немесе топта білім алушылардың 20–30%-ында ЖРВИ тіркелген кезде кабинеттік оқыту жүйесін тоқтату және осы сыныпқа 10 күнтізбелік күн ішінде жаңа балаларды қабылдауға жол бермеу ұсынылады. Сынып білім алушыларының 30%-ы және одан астамы эпидемиялық процеске тартылған жағдайда, балалар бір инкубациялық кезеңге онлайн оқыту форматына ауыстырылады»,- деді Әсет Жұматаев.
Балабақшаларда да аурушаңдық белгіленген деңгейге жеткен жағдайда оқу-тәрбие процесі уақытша тоқтатылады.
Облыста тұмауға қарсы екпе науқаны да басталды. 6 қазаннан бері қауіп тобындағы 6675 адам вакцина алған. Өңірге ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынған.
Тегін екпе медицина қызметкерлеріне, диспансерлік есепте тұрған балаларға, балалар үйлері мен қарттар үйлерінің тұрғындарына және эпидемиологиялық көрсетілімдері бар басқа да азаматтарға арналған. Вакцина тіркелген емхана бойынша салынады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда зауытта ер адам жұмыста көз жұмды

