Еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар жауып, жел күшейеді. Жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүргізушілердің жолды көруі қиындап, көліктің тежеу жолы ұзарады.
Полиция жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасындағы қауіпсіз қашықтықты сақтауды ұсынды. Сондай-ақ алыс сапарға шықпас бұрын ауа райы болжамы мен жол жағдайын тексеру қажет. Аса қажеттілік болмаса, қалааралық сапарлардан бас тартқан жөн.
ІІМ өкілдері 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін көлікті қысқы дөңгелексіз пайдалануға тыйым салынатынын еске салды.
Тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерді де абай болуға шақырды. Жолдан өтпес бұрын көліктің тоқтағанына көз жеткізу керек. Сондай-ақ телефонға қарамай, құлаққапты шешіп, айналаға назар аударған дұрыс.
Полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету тапсырылды.
«Жолдағы қауіпсіздік – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Жол жүрісі қағидаларын сақтаңыздар», – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Архат Төлегенов.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда отбасында зорлық көрсеткендерді электронды білезік арқылы бақылау жоспарлануда

