СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар елді мекендегі әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты. Ауданда ауыл шаруашылығын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және жол инфрақұрылымын жақсартуға басымдық берілген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жуырда Пресноредуть ауылындағы Мәдениет үйі күрделі жөндеу көрді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы маңызды іске 280 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Енді ауыл тұрғындары мәдени іс-шараларға қатысып, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ жастардың заманауи технологияларды меңгеруіне арналған жағдай жасалған.

Ауылдың дамуы ең алдымен ондағы мамандарға байланысты. Осыны ескерген «Турнова В.П.» шаруа қожалығы қызметкерлеріне арнап өз қаражаты есебінен екі тұрғын үй салған. Бұл – ауылға білікті кадрларды тартуға және олардың тұрақтап қалуына бағытталған бастама.

Жамбыл ауданында мал шаруашылығы да қарқын алып келеді. Преснов ауылдық округінде тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Былтыр ашылған. Кәсіпорынға Даниядан голштин тұқымды ірі қара әкелініп, заманауи сауу жабдықтары орнатылған. Жоба 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жүзеге асырылған. Өндіріс орнының ашылуы жаңа жұмыс орындарының құрылуына да мүмкіндік берді.

Ал Благовещенка ауылында ет өндірісінің әлеуетін арттыру көзделіп отыр. «Екпін 2002» ЖШС жылына 1000 тоннаға дейін ет өңдеуге қауқарлы мал сою цехының құрылысын жүргізуде. Кәсіпорынды келесі жылы іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар елді мекенде ветеринариялық пункт жұмысын бастады.

Ауданда шағын және орта бизнестің де тынысы кеңейіп келеді. Благовещенка ауылында жеке кәсіпкер 100 млн теңге инвестиция салып, мейрамхана-қонақүй кешенін салған. Ал Пресновкада «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен полиграфиялық қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарына жаңа қызмет түрлерін ұсынып, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға жол ашады.

Елді мекендердің өзара қатынасын жақсарту үшін жол жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Қазіргі уақытта «Пресновка – Благовещенка – Қайранкөл» облыстық маңызы бар автожолында орташа жөндеу жүргізілуде. Биыл 20 шақырымдық учаскеде жұмыс басталды. Алдағы уақытта үш кезеңмен жалпы ұзындығы 98 шақырым жолды жаңарту жоспарланған.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан тұрғындарымен кездесті. Ашық әңгіме барысында ауыл халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелер көтеріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер назарға алынып, олардың орындалуы бақылауға алынатыны айтылды.

Тағы оқыңыз: МӘМС жүйесінде медициналық қызметтердің сапасын жасанды интеллект арқылы бақыламақ

Поделиться:

Shares