Заңды құрметтеу, салауатты өмір салтын ұстану және өз әрекетіңе жауапкершілікпен қарау. Уәлиханов ауданында өткен көңілді тапқырлар клубының ойынында оқушылар осы құндылықтарды әзіл, ән және сахналық қойылым арқылы жеткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

«Заң және біз: өмірді таңдаймыз!» атты сайыс «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында аудан прокуратурасының үйлестіруімен, аудандық полиция бөлімі және ішкі саясат бөлімінің бірлесуімен ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты- жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру, заңға деген құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Сайыс барысында мектеп оқушылары өздерінің әзілге жақын, өнерге бейім екенін ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын да көрсетті. Олар күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайларды сахналап, дұрыс шешім қабылдаудың маңызын әзілмен жеткізді.

Ойын бес кезеңнен тұрды. Қатысушылар таныстыру, ой сергіту, капитандар сайысы, музыкалық байқау және үй тапсырмасы бойынша өнер көрсетті. Әсіресе, капитандар сайысында жасөспірімдердің өз ұстанымын қорғауы, теріс ықпалға берілмеуі және қажет кезде «жоқ» деп айта білуі басты тақырыпқа айналды.

Ал музыкалық және сахналық қойылымдар арқылы оқушылар өмірдің құндылығын, шынайы достықтың маңызын және әр адамның өз болашағына жауапты екенін жеткізді. Қатысушылардың өнерін аудан прокуроры Мақсат Аманәлі, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері бағалады. Іс-шара барысында көрермендер де шет қалмады. Олар түрлі тапсырмаларды орындап, денсаулық, достық және болашақ туралы ойларын ортаға салды.

Мұндай кездесулердің ерекшелігі-жасөспірімдерге құқықтық тәрбие құрғақ дәріс түрінде емес, өздеріне жақын әрі түсінікті шығармашылық форматта беріледі. Оқушылар сахнада күлкі сыйлай отырып, өмірлік маңызды мәселелерді көтерді. Сайыстың негізгі идеясы-әрбір саналы таңдау жарқын болашаққа бастайды, ал заң мен тәртіпті құрметтеу адамның өзінен басталады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да тауар бағасын негізсіз көтерген 126 кәсіпкер жазаланды

 

 

Поделиться:

Shares