Мәслихат депутаттары бес жыл мерзімге сайланады. Олардың негізгі міндеті – халықтың мүддесін қорғау, жергілікті бюджетті бекіту және өңірдің дамуын бақылау. Алдағы сайлауда 20 облыстық мәслихатқа 668, 38 қалалық мәслихатқа 626, ал 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.
Облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда депутаттардың жартысы партиялық тізім, қалған жартысы бірмандаттық округтер бойынша сайланады. Ал аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында тұрғындар нақты кандидаттарға дауыс береді.
Қазақстанның 20 жасқа толған азаматтары мәслихат депутаты бола алады. Кандидаттарды саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Азаматтардың өзін-өзі ұсынуға да құқығы бар. Қазір елімізде сайлауға дайындық жүріп жатыр. Сайлау комиссияларында 86 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері барлық 20 өңірді аралап, 100-ден астам сайлау учаскесіне барған.
Қазақстандықтар GOV.KZ порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы өз сайлау учаскесін анықтай алады. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының сайтында «Sailau AI» жасанды интеллект көмекшісі іске қосылған.
Мәслихат депутаттары жол жөндеу, ауызсумен қамтамасыз ету, қоғамдық көлік, абаттандыру, әлеуметтік нысандар салу сияқты жергілікті мәселелердің шешілуіне ықпал ете алады. Олар халық алдында атқарған жұмыстары туралы есеп беруге тиіс.
Сайлауалды үгіт-насихат 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталады. Сенбі – тыныштық күні. Ал жексенбі, 29 қарашада дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сайлау қорытындысы бес күн ішінде шығарылады.
Тағы оқыңыз: Уәлиханов ауданының оқушылары заң тақырыбын сахнаға шығарды

