Солтүстік Қазақстан облысында саналы ғұмырын жол саласына арнаған ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Қарттар күні қарсаңында Тайынша ауданының Келлеровка ауылындағы ДЭУ-65 аумағында жол саласының ардагерлеріне арналған жаңа аллея ашылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Ардагерлер мен бүгінгі жолшылар бір жерде бас қосып, аллеяға ағаш көшеттерін отырғызды. Әрбір тал — өңір жолдарын салуға, жөндеуге және күтіп ұстауға ондаған жылын арнаған аға буынның еңбегіне деген алғыс пен құрметтің белгісі.

Игі бастамаға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» СҚО филиалы және «Қажсервис» ЖШС өкілдері атсалысты.
Жолшылар аллея аумағын абаттандырып, тазалық жұмыстарын да жүргізді. Шара «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған. Жаңа аллеяның ашылуына жол саласының ардагерлері, сала ұйымдарының қызметкерлері және бүгінде олардың кәсіби жолын жалғастырып жүрген мамандар қатысты.
Жол саласы — көзге көп түсе бермейтін, бірақ күн сайын мыңдаған адамның қауіпсіз қозғалысына тікелей әсер ететін ауыр еңбек. Қыстың бораны мен жаздың аптабында жолдың қалыпты жұмысын қамтамасыз еткен мамандардың бірнеше буыны облыстың жол инфрақұрылымының қалыптасуына үлес қосты.
Ұйымдастырушылар ардагерлерге көп жылғы адал еңбегі, кәсіби шеберлігі және Солтүстік Қазақстан облысының жол инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да тұрғындардың медицинаға қатысты шағымы көбейді

