Қазан айынан бастап Қазақстанда жұмыссыз мәртебесін беру тәртібі өзгереді, жұмысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлемге жаңа талап енгізіледі. Валюталық депозиттердің мөлшерлемесі өседі. Сонымен қатар мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталып, шаруаларға жаңа егіс маусымына жеңілдетілген несиеге өтінім беру басталады, деп жазады Qazaqstan Media.
Ең маңызды өзгерістердің бірі жұмыссыз қалған азаматтарға қатысты. 1 қазаннан бастап жұмыссыз мәртебесін берер алдындағы лайықты жұмыс іздеу мерзімі екі күннен 13 күнге дейін ұзартылады. Осы уақыт ішінде Мансап орталығы азаматтың еңбек тәжірибесін, білімі мен кәсіби дағдыларын ескеріп, бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс ертерек табылса, 13 күннің аяқталуын күтудің қажеті жоқ.
Жұмысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем тәртібі де өзгереді. 1 қазаннан бастап төлем ең көбі үш айға тағайындалады. Оның ай сайынғы ең жоғары мөлшері 267 750 теңге болады. Әлеуметтік төлемді алу үшін азамат жұмыссыз мәртебесін сақтауы тиіс. Егер Мансап орталығы ұсынған үш лайықты жұмыстан бас тартса, азамат жұмыссыздар есебінен шығарылып, төлем тоқтатылуы мүмкін.
Валюталық депозиттердің мөлшерлемесі өседі
1 қазаннан бастап 12 айдан ұзақ мерзімге ашылатын валюталық жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме жылдық 1 пайыздан 2,5 пайызға дейін көтеріледі. Жаңа талап 1 қазаннан кейін ашылған немесе мерзімі ұзартылған депозиттерге қатысты. Банктер нақты мөлшерлемені өздері белгілейді.
Мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады
2025 жылға есептелген мүлік салығын төлеудің соңғы күні — 1 қазан. 2 қазаннан бастап берешегі бар азаматтарға хабарлама жіберіледі. Салық өтелмесе, қарызды өндіріп алу шаралары басталуы мүмкін.
Шаруалар 5 пайыздық несиеге өтінім береді
1 қазаннан бастап «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 2027 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына қаржыландыруға өтінім қабылдау басталады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін несие мөлшерлемесі жылдық 5 пайыз болады. Қаражатты техника жөндеуге, қажетті ресурстар сатып алуға және басқа өндірістік шығындарға жұмсауға болады.
Қазанда үш күн қатарынан демалыс бар
25 қазанда Қазақстанда Республика күні атап өтіледі. Биыл мереке жексенбіге түсетіндіктен, демалыс 26 қазанға ауыстырылады. Бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар 24, 25 және 26 қазан күндері қатарынан демалады.
Оқушылар каникулға шығады
Бірінші тоқсаннан кейінгі күзгі демалыс 26 қазаннан 1 қарашаға дейін жалғасады. Оқушылар жеті күн демалады.
Сонымен қатар қазан айында Қарттар күні, Мұғалімдер күні және бірқатар кәсіби мерекелер атап өтіледі. Олардың қатарында Радио күні, Құтқарушы күні, Кітапханашы күні және әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні бар.

