Петропавлда қазақтың біртуар ақыны, көрнекті қоғам қайраткері Мағжан Жұмабаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған «Мағжан оқулары» облыстық байқауы өтті. Шараға 30-дан астам ұстаз қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Дәстүрлі шараның ерекшелігі – бұл жолы сайысқа оқушылар емес, облыстың түкпір-түкпірінен келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты. Байқауда 33 педагог үш номинация бойынша бақ сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын қатысушылар саны артып келеді.
Шараның басты мақсаты – Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылық жолын насихаттап, ақын мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар, педагогтердің эстетикалық талғамын дамытып, шығармашылық қабілеттерін шыңдау.
«Мен «Мен жастарға сенемін» номинациясы бойынша қатысып жатырмын. Барлық әріптестеріме сәттілік тілеймін. Мағжан ақынның 25 өлеңі мен бір поэмасын жатқа білемін», — деді Мағжан Жұмабаев ауданы Фурманов орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мәдина Тілеуке.
Тағы оқыңыз: СҚО-ға жұмыс сапарымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары келді

