Алдағы күндері еліміздің солтүстігі циклонның ықпалында болады. Соның әсерінен Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр жауып, күн айтарлықтай салқындайды, деп жазады Qazaqstan Media.
Солтүстік циклон мен атмосфералық фронттар Қазақстанның басым бөлігіне жауын-шашын алып келеді. Кей жерлерде найзағай ойнап, нөсер жаңбыр жаууы, бұршақ пен дауыл болуы ықтимал.
Елдің солтүстігінде күндіз ауа температурасы +12…+20 градусқа дейін төмендейді. Кейінгі күндердегі жылы ауа райымен салыстырғанда, бұл айтарлықтай салқын болады. Сондықтан тұрғындарға жылы киім мен қолшатырды әзірлеп қойған жөн.
Халық арасында қарлығаш жер бауырлап ұшса, жаңбыр жауады деген болжам бар. Мұның табиғи түсіндірмесі де бар: ауа ылғалданғанда ұсақ жәндіктер төмен ұшады, оларды аулаған қарлығаш та жерге жақындай түседі.
Малдың әрекетіне де ерекше мән берген. Қой мазасызданып, топтаса бастаса немесе сиыр әдеттегіден ертерек қораға бет алса, ауа райы бұзылады деген ырым-болжам тараған. Аспан да ата-бабамыз үшін өзіндік «ауа райы картасы» болған. Айдың айналасында шеңбер пайда болса, жауын-шашын немесе жел күшейеді, ал күн батарда көкжиек ерекше қызарса, жел тұрады деп болжаған.
Қазақтың дәстүрлі танымында тамыздың соңы мен күздің басындағы табиғат құбылыстарына да мән берілген. Құстардың ерте топтасуы, шөптің тез сарғаюы, таңғы шық пен тұманның жиілеуі күздің жақындағанының нышаны саналған.
Тағы оқыңыз: Булаев қаласының стратегиялық сумен жабдықтау нысандары мемлекеттік меншікке қайтарылды

