Қызылжар ауданында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбіліктер өтті. Ауданның 19 ауылдық округінде тазалық және көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық тұрғын қатысты, деп жазады Qazaqstan Media.

Акция барысында ауыл-аймақтар күл-қоқыстан тазартылып, елді мекендерді абаттандыруға ерекше көңіл бөлінді. Жалпы аудан бойынша 3 мыңнан астам көшет отырғызылды. Ортақ іске тұрғындармен қатар мекеме қызметкерлері, еріктілер, педагогтар мен кәсіпкерлер де белсенді атсалысты.

Қызылжар ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 3 мыңнан астам көшет отырғызылды
Қызылжар ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 3 мыңнан астам көшет отырғызылды

Рассвет ауылдық округінде өткен сенбілікке Боголюбов орманшылығының арнайы техникасы тартылып, 400 түп қарағай көшеті егілді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.

«Бүгін Боголюбов орманшылығының арнайы техникасын тарта отырып сенбілік өткіздік. Шара барысында 400 түп қарағай көшеті отырғызылды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасады, тағы 400 көшет егу жоспарымызда бар. Сенбілікке ТОО “Алти-Гарант” және ТОО “Балтис” ұжымдары да белсенді қатысып, қолдау көрсетті», — деді Рассвет ауылдық округінің әкімі Абай Шайменов.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, мұндай шаралар бір реттік акция емес. Қызылжар ауданында сенбіліктер ұдайы өткізіліп тұрады. Ауыл тұрғындары қоршаған ортаны таза ұстауға жауапкершілікпен қарап, туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып келеді.
Кәсіпкерлердің қолдауы мен тұрғындардың белсенділігі аудан аумағында тазалық мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әрбір отырғызылған көшет — болашаққа жасалған нақты қадам әрі өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға қосылған үлес.

Қызылжар ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 3 мыңнан астам көшет отырғызылды
Қызылжар ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 3 мыңнан астам көшет отырғызылды

Айта кету керек, Сосновка ауылында ауқымды ағаш отырғызу іс-шарасы өтті. Жалпы қатысушылар екі мың гектарға жуық аумақты қамтып, 25 мың түп қарағай көшетін отырғызуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыс орман қорын қалпына келтіріп қана қоймай, Қызылжар ауданы мен тұтас Солтүстік Қазақстан облысының экологиялық ахуалын жақсартуға елеулі үлес қоспақ.

Тағы оқыңыз: СҚО-да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *