Петропавлда татар халқының ұлы ақыны Ғабдулла Тукайдың 140 жылдығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті, деп жазады Qazaqstan Media.
Ғабдулла Тукай — татар әдебиетінің ғана емес, түркі әлемінің рухани кеңістігінде ерекше орны бар тұлға. Өз халқы оны «татардың Пушкині» деп құрметтеген. Ақын небәрі 27 жыл ғана ғұмыр кешсе де, артында өшпес әдеби мұра қалдырды.
Кеш барысында қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасады. Оның тіл, туған жер, ел тағдыры, адам болмысы туралы жазған өлеңдерінің мәні әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағаны айтылды. Сондай-ақ архивте сақталған сирек фотосуреттер көрсетіліп, Тукай поэзиясының ерекшелігі сөз болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ғабдулла Тукайдың шығармашылығына жеке кеш арнаудың өзіндік мәні бар.

«Тукай — әлем әдебиетінен орын алған ақын. Оның шығармашылығы мен өлеңдерінің мазмұны өте терең. 27 жасында өмірден өтсе де, бірнеше кітабы жарық көрді. Тағдыры қиындыққа толы болса да, ол мойымады. Оны құрметтеу, есімін болашақ ұрпаққа жеткізу — біздің міндетіміз», — дейді кешті ұйымдастырушылар.
Солтүстік Қазақстан облысында да татар ақынына деген құрмет ерекше. Алдағы уақытта Петропавлда Ғабдулла Тукайға арналған ескерткіш орнату жоспарланып отыр.

Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 3 мыңнан астам көшет отырғызылды

