Солтүстік Қазақстан облысында үш ірі коммуналдық кәсіпорын энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаға енгізілді. Алдағы екі жылда олар жалпы құны 51,3 млрд теңгені құрайтын 24 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Qazaqstan Media МЭКС жобалық кеңсесіне сілтеме жасап хабарлады.
Атап айтқанда, бұл — «Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы», «Петропавл жылу желілері» және «Қызылжар Су» кәсіпорындары. Олар өңір тұрғындарын электр энергиясымен, жылумен, сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етеді. Алайда қазіргі таңда олардың желілерінің жағдайы өте күрделі.
2026 жылдың басындағы мәліметтерге сәйкес, облыстағы электр желілерінің тозу деңгейі 80 пайызға жеткен. Петропавлдағы жылу желілерінде — 81,7 %., «Қызылжар Су» мекемесінің су құбырлары 56,7 %-ға, ал кәріз жүйесі 60,8 %-ға тозған. Мұндай көрсеткіштер жиі кездесетін апаттар мен қызмет көрсету үзілістеріне тікелей әсер етеді. Жағдайды жақсарту үшін 2026–2027 жылдары ауқымды жаңғырту жұмыстары басталады.
Барлығы 24 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның 11-і электрмен жабдықтау саласында, бесеуі жылумен қамтуда және сегізі су мен кәріз жүйесінде жүзеге асырылады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің мәліметінше, бұл жаңғырту жұмыстары апаттар санын азайтып қана қоймай, халыққа көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы мен тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін желілердің тозу деңгейі төмендей бастайды. Электрмен жабдықтауда — 75,14 %-ға дейін, жылу жүйесінде — 79,86 %-ға дейін, су жүйесінде — 54,7 %-ға дейін. Бұл — өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңартуға мүмкіндік береді.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Ғабдулла Тукайдың 140 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

