Бүгін Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Сосновка ауылында ауқымды ағаш отырғызу күні өтті. Экологиялық игі шара республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды. Жалпы қатысушылар екі мың гектарға жуық аумақты қамтып, 25 мың түп қарағай көшетін отырғызуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыс орман қорын қалпына келтіріп қана қоймай, Қызылжар ауданы мен тұтас Солтүстік Қазақстан облысының экологиялық ахуалын жақсартуға елеулі үлес қоспақ, деп жазады Qazaqstan Media.

Ағаш отырғызу алаңына орман шаруашылығы қызметкерлері, партия белсенділері, аудан педагогтері мен өңірдің түкпір-түкпірінен келген еріктілер жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар табиғатқа жанашырлықпен қарауды қалыптастыруда аса маңызды. Қатысушылардың әрқайсысы бұл іске зор ықыласпен кірісті. Себебі егілген әрбір көшет — туған өлкенің таза әрі жасыл келешегіне қосылған үлес.

Қызылжар ауданындағы Сосновка ауылында 25 мың қарағай көшеті отырғызылуда
Қызылжар ауданындағы Сосновка ауылында 25 мың қарағай көшеті отырғызылуда

«Бұл біз үшін бір күндік науқан емес. Басты мақсатымыз — халықтың бойында экологиялық мәдениет қалыптастырып, табиғатты қорғаудың маңызын терең түсіндіру. Қоршаған ортаға қамқор болу — әр азаматтың тікелей міндеті. Бүгін уақытын бөліп, туған жерді көгалдандыруға атсалысқан барлық жанға алғысымыз шексіз», — дейді аудан әкімдігі өкілдері.

Аталған акцияға қажетті отырғызу материалдарын Сосновка орманшылығы мен халықаралық деңгейде танымал эко-блогер Алексей Сибирский ұсынды. Олардың қолдауының арқасында сапалы қарағай көшеттерінің жеткілікті қоры жиналды.

Қазіргі таңда ағаш отырғызу жұмыстары жалғасып жатыр. Арада көп уақыт өтпей, бүгін бос жатқан алқаптар жайқалған жас қарағайлы орманға айналып, өңірдің табиғи тынысын жаңғыртатын болады.

Сондай-ақ, бұл күні аудандағы әр ауылда сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрғындар белсене қатысты. Ауылдардың маңы күл-қоқыстан тазартылды.

Тағы оқыңыз: «Таза Қазақстан»: Тайынша ауданында бір күнде мың жарым ағаш отырғызылды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *