23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауында «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясы қоғамдық бақылау жүргізеді. Қазіргі таңда коалиция құрамына Солтүстік Қазақстан облысындағы 10-нан астам үкіметтік емес ұйым кіреді, деп жазады Qazaqstan Media.

Ұзақ мерзімді байқаушылар үгіт-насихат науқаны басталған сәттен бастап жұмысқа кірісті. Олар сайлау заңнамасының сақталуын, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарды, үгіт материалдарының арнайы орындарда орналастырылуын бақылап, анықталған жайттар туралы өңірлік штабқа жедел хабарлап отырады.

«Қоғамдық бақылау дауыс беру күні ғана емес, одан әлдеқайда бұрын басталады. Сондықтан біз бүгіннен бастап барлық аудандарда жұмысты іске қостық. Біздің мақсатымыз – сайлау процесінің әр кезеңінде объективті қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету», – дейді «ДАУЫС» қоғамдық байқаушылар коалициясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов.

Оның айтуынша, бүгінде облыс бойынша 530 сайлау учаскесінде коалицияның қоғамдық байқаушылары жұмыс істеуге дайын. Қазір өңірлік штаб аудандық үйлестірушілер мен мобильді капитандарға бірыңғай жұмыс алгоритмін таныстырып, оқыту семинарларының кестесін бекіткен. Алдағы уақытта әр ауданда байқаушылармен кездесулер өткізіліп, сайлау күні атқарылатын жұмыстар пысықталады.

Сондай-ақ Жанат Мұхамеджановтың сөзінше, өңірдегі байқаушылардың басым бөлігі бұған дейінгі сайлаулар мен республикалық референдум кезінде қоғамдық бақылаушы ретінде тәжірибе жинаған азаматтар. Бұл сайлау науқаны барысында бақылау жұмыстарының тиімді әрі кәсіби ұйымдастырылуына мүмкіндік береді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда электронды медициналық кітапша телефон арқылы қолжетімді болды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *