Қазақстандықтар халықаралық сауалнамаға қатысқан. Адамдардың 71 пайызы денсаулығына қатысты сұрақтарға жауап алу үшін жасанды интеллектіні пайдаланамыз деген. Бұл халықаралық зерттеуге қатысқан 20 елдің ішіндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бірақ елімізде медициналық қызметке көңілі толатындар аз. Мұндай қорытынды STADA Health Report 2026 зерттеуінде жарияланды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Халықаралық зерттеуге Еуропа мен Орталық Азияның 20 елі қатысты. Оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан да бар. Мамандар адамдардың денсаулық сақтау жүйесіне қаншалықты сенетінін және жасанды интеллектіні қандай мақсатта қолданатынын анықтады.
Нәтижесінде Қазақстан жасанды интеллектіні денсаулық мәселесінде пайдалану жағынан алғашқы үштікке енді. Елімізде бұл көрсеткіш 71 пайызға жетті. Ал Румыния мен Сербияда 74 пайыз болды.
Салыстыру үшін, Францияда тұрғындардың 43 пайызы ғана денсаулығына қатысты жасанды интеллектіні қолданады. Бельгияда бұл көрсеткіш 45 пайыз, Ұлыбританияда 46 пайыз. Зерттеуге қатысқан 20 елдің орташа көрсеткіші 55 пайызды құрады.
Мамандар тағы бір қызық жағдайды анықтады. Жасанды интеллектіні жиі пайдаланатын елдерде халықтың медициналық қызметке көңілі толу деңгейі төмен.
Зерттеу нәтижесінде адамдардың жасанды интеллектіге қандай сұрақтар қоятыны да анықталды. Сауалнамаға қатысқандардың 29 пайызы оны дәрігер қойған диагнозды түсіну үшін қолданады. 23 пайызы дұрыс тамақтану мен дене белсенділігі туралы кеңес алады. Ал 17 пайызы дәрігердің қабылдауына дайындалу үшін пайдаланады.
STADA Health Report 2026 зерттеуін Human8 компаниясы 2026 жылдың ақпан-наурыз айларында жүргізді. Әр елден 18-99 жас аралығындағы 500-ден 2000-ға дейін адам онлайн сауалнамаға қатысты.
Тағы оқыңыз: СҚО палуандары Жетісуда жеңіске жетті

